Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Полицейлер өзімді ұрып, қызымды зорламақ болды: Ақтауда балконнан секірген әйел жағдайды баяндады

Ақтауда полицейлерден қашып қызымен бірге балконнан секірген әйел бүгін болған жайттың жай-жапсарын айтты. 40 жастағы Зарина Байдосованың айтуынша, Шымкенттен барған тәртіп сақшылары бұларды кепілге алып, қорқытып, сосын ұрыпты, деп хабарлайды КТК.

Тіпті қызын зорламақ болған көрінеді. Содан соң құлағанда жұмсақтау болсын деп қызымен бірге жастық ұстап секірген. Ал оңтүстік полицейлері өз қызметкерлерін жақтап, балконнан секірген әйелді күдікті деп отыр. Тәртіп сақшыларының айтуынша, ұрлық жасаған Байдосова полицейлерден емес, заңнан қорқып қашқан.

Зарина Байдосова қызымен бір палатада жатыр. Екеуінің де жамбасы сынып, миы шайқалған. Дәрігерлер анасы мен қызы екі айсыз аяққа тұрмайды деп отыр. Десе де, Заринаның өзі балконнан секіргеніне бір сәт те өкінбейді. Себебі, жалдамалы пәтерге әкелген полицейлер қызы екеуіне білгенін істепті. Заринаның өзін ұрып-соқса, қызын зорлауға пиғыл танытыпты.

“Полицейлердің өзі үшеу болған. Оларға кейінірек тағы үш жігіт кеп қосылды. «Қазір ішімдік пен тіске басар бірдеңе әкеліп, тойлаймыз» деп бізге қарап ыржыңдады. Олардың көзқарасынан қызымды зорлағысы келгенін түсіндім. Сөйтіп, екеуіміз қашуға бел будық”, – дейді Зарина Байдосова.

Заринаның айтуынша, қызын жалғыз бағып отырған өзінің үйі де жоқ. Алматы мен Шымкентте жұмыс іздеп, пәтер жалдап тұрған екен. Пәтердегі тұрмыстық техникасын бұзып қойғаны үшін үй иесі полицейлерге арыз түсіріпті. Ал тәртіп сақшылары пәтер иесінің сойылын соғып жүргендер дейді.

“Пәтерді Шымкентте Әсем деген келіншектен жалдағанмын. Байқамай, теледидарын сындырып алдым. Содан соң қазір ақшамның жоқ екенін айтып, Алматыға барып жұмыс істеп ақша табамын да қайтарамын деп едім, көнбей қойды”, – дейді Зарина Байдосова.

Ал күнгейлік полицейлер бұл жағдайды мүлдем басқаша түсіндірді. Тәртіп сақшыларының айтуынша мамыр айында Зарина Байдосова жалдаған пәтерін үптеп кетіпті. Ұрлық бабымен іс қозғаған полицейлер Заринаның Ақтауда жүр деген ақпарын естіп, майор мен аға лейтенантты артынан жіберген екен.

“Үйін жалдап тұрған бір уақыт және де үйінде тұрған кезде үйіндегі дүние мүлкін сауда қылып жіберген. Санап қараған кезде үлкен мөлшерде залал келтірген. Екі миллион теңгеге жуық. Іссапарға шығу мақсаты ол күдікті азаматшаны Шымкент қаласына алып келіп, арыз бойынша түсініктеме алу керек еді”, – ОҚО ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова.

Естеріңізге салсақ, оқиға Ақтауда осыдан үш күн бұрын болды. Ол кезде Зарина қызымен бірге үшінші қабаттағы балконнан секірген. Кейін оның ұрлық жасады деген күдікпен ұстап алған полицейлерден қашқаны туралы айтылды. Зарина Байдосованың үстінен шымкенттік полицейлер ғана емес, Алматы қаласының тергеушілері де «ұрлық» дерегімен іс қозғаған екен. Алайда ауруханада жатқан әйел өзін жаланың құрбанымын деп отыр. Ал кімнің рас, кімнің жалған сөйлеп жатқанын енді Маңғыстау облысының прокуратурасы анықтауы тиіс.

Тағы да оқыңыз:

Психолог: «5-6 немеремді бір көрпенің астына жатқыздым» дейтіндер олардың не істеп жатқанынан бейхабар

Шетелдіктер пәктігін сататын қазақстандық қыздарды аукционда үш есе қымбат бағаға сатып алады

22 жастағы қазақ жігітінің есімі жазылған чип Марс планетасын айналып өтпек

Шымкентте ер адам көршісінің ұлын зорламақ болды

Талқылау