Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Петропавлда үйлері өртенген бірнеше отбасы әлі баспанасыз жүр

Петропавлда үйлері өртенген сегіз отбасының әлі күнге дейін баспана мәселелері шешілмей жатыр. Айтуларынша, әкімдік берген жатақханада тіпті уақытша тұру да мүмкін емес. Жылу, жарық пен судан ажыратылған бөлмелерінің қарызы миллиондап саналады. Олар кезекке қойылғанның өзінде пәтерлерін он шақты жыл күтетін түрі бар. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды.

Безымянный

Жетімдер үйінде тәрбиеленген Екатерина Бойко өмір бойы өз баспанасын армандаған. Жолдасы екеуі жинаған аз-маз қаржыға мына барақтан бір бөлмелі пәтер сатып алыпты. Осыдан екі ай бұрын көршілерден шыққан өрт жетім қыздың арманын әп-сәтте күлге айналдырды. Қазір ол туысының үйін паналап жүр.

Екі ай бұрын сегіз пәтерлік мына үй өртенгенде 25 адам далада қалған. Қалалық әкімдік оларға 212 мың теңгеден жәрдемақы беріпті. Бұл ақшаға бірі пәтер жалдаса, екіншілері туыстарын жағалап кеткен. Ал әкімдік берген бос үйлерге ешкім қоныстанбапты. Айтуларынша, онда тұру мүмкін емес.

“Пәтер дегендері әбден қираған жатақхана бөлмелері. Не суы, не жарығы ,тіпті дәретханасы да жоқ. Шенділер «бастысы жылы ғой» дейді. Негізі, құбырдың үсті де жылы ғой, онда бала-шағамызды алып сонда кетейік”, – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Александр Захаров.

Шенділер болса, жеке үйге қазынаның қаржысын құюға құқымыз жоқ дейді. Ал әр отбасының жағдайын зерттеп, бәріне заң аясында көмек көрсеттік деп отыр.

“Қазір 3 отбасыны баспанасы апатты жағдайдағылардың кезегіне қойдық. Екі отбасының үйі тұруға жарамды. Біреуінің құжаты дұрыс емес екен. Қалғандарының өзге баспаналары бар болып шықты. Сондықтан тек үшеуі ғана кезегі келсе, пәтермен қамтамасыз етілетін болады”, – деді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Елена Балло.

Алайда бұл үш отбасының да алдағы бір-екі жылда баспаналы болуы екіталай. Өйткені осыдан екі жыл бұрын бұл кезек тек бір адамға ғана жылжыған.

Талқылау