Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Петропавл қаласының 200 тұрғыны қоныс тойын тойлауда

Петропавл қаласында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынған 126 және 75 пәтері бар екі үй қолданысқа берілді. Пәтерлердің 50%-ы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына, ал қалған 50%-ы жергілікті әкімшілікте кезекте тұрып, сонымен қатар ТҮҚЖБ-ден депозит ашып, ай сайын салым төлеп тұрған азаматтарға берілді.

Бүгін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» облыстық бөлімшесінің директоры Райхан Әбдірахманова баспаналы болған азаматтармен кездесті.

«Бұл жаңа пәтер иелері жеке баспанаға қол жеткізу үшін міндетті түрде жоғары жалақы алатын маман болудың қажеті жоқ екенін дәлелдеді. Ол үшін орташа мөлшердегі тұрақты жалақының иесі болып, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» есеп-шот ашу керек. Банк пен мемлекеттік бағдарламалар іске асырып отырған тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесінің арқасында азаматтар нарық бағасынан төмен сомаға баспана алу мүмкіндігіне ие болып отыр», – дейді Райхан Әбдірахманова.

Бүгін өзінің үш бөлмелі пәтерінде қоныс тойын тойлаған салымшылардың бірі – 28 жастағы Динара Шәріпова. Салымшы 2014 жылдың қараша айынан бастап ТҮҚЖБ есеп-шот ашып, 2015 жылы әкімшілікке кезекке тұрды. Осы уақыт аралығында Динара пәтер бағасының 30%-ын, яғни,  2,5 млн теңге жинап үлгерген. Ал пәтер алуға жетпеген қаржыны несиеге алды. Бүгінде Динараның несие бойынша ай сайынғы төлемі 48 000 теңгені құрайды. Пәтер иесінің ойынша, бұл – керемет баға. Себебі, жаңа баспананың бөлмелері кең әрі ол инфрақұрылымы дамыған ауданда орналасқан.

«Мен 6 жасар баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты анамын. Сондықтан,  жайлы әрі жеке баспанаға қол жеткізу мен үшін өте маңызды. Осы мақсатымды жүзеге асыру үшін соңғы бір жарым жылда аянбай ақша жинап, ай сайын есеп-шотыма көбірек  қаржы салып отыруға тырыстым. Нәтижесінде, бүгін үш бөлмелі пәтердің иесі атанып отырмын. Қуанышымды айтып жеткізуге сөзім жетпейді. Себебі, қайталама нарықта мен бұл қаржыға бар болғаны бір бөлмелі пәтер алатын едім. Қазір жаңа баспанама жиһаз алуды ойластырып жүрмін. Әуелі, күнделікті қолданысқа қажетті тұрмыстық техниканы сатып аламын», – дейді Динара Шәріпова.

Әлеуметтік баспананы аралық және алдын ала тұрғын үй займын төлеу арқылы алуға болады. Несие бойынша берілетін жылдық мөлшерлеме 3,5%-5% аралығында. Несие салымшының есеп-шотында пәтер бағасының 30%-ы жиналғанда ғана беріледі.

Талқылау