Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Петропавлда қос аяғы жоқ мүгедек ұстахана ашқысы келеді

Сергей Сапко ағаштан түйін түйген шебер. Оның қолдан жасаған раушан гүлдері қалалықтардың сұранысына ие. Екі аяғынан бірдей айырылған жігіт енді өзі сынды тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандардың басын қосып, соларды жұмыспен қамтысам деп армандайды,-деп жазады КТК арнасы.

шебер

35 жастағы Сергей Сапко «екі аяғым жоқ екен деп тіземді құшақтап отыратын жан емеспін» дейді. Өзімен бірге тұратын екі інісі мен әпкесіне масыл болғысы келмеген ол нәпақасын осы ұстаханадан айырып жүр екен. Мына құстың ұялары мен қолдан жасалған пышақтарына сұраныс көп.
Бұрын құрылыста істеген оның аяғына темір құлап, сүйегін зақымдапты. Алғашында мән бермей жүре берген жігітке кейін дәрігерлер үш рет ота жасап, ақыры екі аяғын бірдей кесіп тастаған. Осы қайғылы жағдайдан кейін де жігіт тағдырға мойынсұнған емес. Тіпті базарда қайыр сұрап отырған мүгедектерді көрсе, ашуы келеді екен.
«Мен оларды «қолдарыңнан түк келмей ме, неге қайыр сұрайсыңдар» деп сөгемін. Кейбірі аяқ киім тіге алады екен. Ендеше , неге сол кәсіппен айналысып, ақша таппайсыңдар деймін. Тіленші болғаннан жақсы ғой»,-деді бірінші топтағы мүгедек Сергей Сапко.

Сергейдің қолынан шыққан дүниелер көздің жауын алады. Осыдан аз бұрын ол «Даму» қоры арқылы 300 мың теңге ұтып, түрлі станоктар сатып алыпты. Есігінің алдындағы пеші жоқ сарайда жұмыс істейтін ол енді қысқа қарай жылы орын іздеп жүр.
«Басты арманым қыста да жұмыс істей алатын ғимарат болса деймін. Сонда кәсібімді кеңейтіп, өзім сынды жандарды қасыма жинап, жұмыс берер едім. Тағдырдан түңіліп, араққа салынғандарды көріп жүрмін ғой. Жұмыстары болса, өмірге деген құштарлықтары да оянар еді деймін»,- деді бірінші топтағы мүгедек Сергей Сапко.

Сергей Сапко қолөнер бұйымдарын күзде көрші елде өтетін көрмеге дайындап жүр. Бұл да қосымша нарық-, дейді ол. Жуырда облыс әкімінің қабылдауында болған оған шенеуніктер қол ұшын береміз деп уәде етіпті. Сергей енді атқамінерлер өз сөзінде тұрады деп үміттеніп жүр.

Талқылау