Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Петропавлда автобус жүргізушісі жолаушылар әмиянын жымқырған ұрыны ұстап берді

Петропавлда автобус жүргізушісі ұрыны полицияға ұстап берді. Ол қоғамдық көлік ішінде жолаушылардың әмиянын жымқырған. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің басшысы Мәдина Балғашұқова хабарлайды.

10946041

Мінушілердің қалтасын қағып үйренген әккі ұры көп адамнан айласын асырып келген. Алайда бір жолаушы әйелдің қырағылығы әмияны мен құжаттарын сұғанақ қолдан сақтап қалыпты.

“Жол ақысын алдын-ала төлеуге дайындалған 33 жастағы жолаушы ақшасы, құжаттары, банк карточкалары салынған әмиянын іздей бастайды. Таба алмаған соң, жүргізушіге өтініш айтады. Ол есіктердің барлығын жауып тастап, ұрланған әмиянды іздей бастайды. Әмиян бұрын да сотты болған 41 жастағы облыс тұрғынының қалтасынан табылған. Қылмыс үстінде қолға түскен ұрыны жүргізуші “Оңтүстік” бекетіне апарып, полицейлерге өз қолымен табыстаған”, – деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Бұрын да сотты болған ұры қалта қағуға әбден машықтанған екен. Қаңтардың аяғында 28 жастағы қала тұрғынының әмиянын ұрлап қолға түскен. Онда құжаттар мен 8 мың теңге ақша болған.

Ұрлық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Оған ҚР ҚК 188 бабының 1 тармағы бойынша (Өзгенің мүлкіне қол сұғу) айып тағылып отыр.

Талқылау