Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарлық ана 40 градус аязда 66 мың теңге үшін күрекпен қар тазалап жүр

Қақаған қыста қар күреп, көше тазалайтын жұмысшылар далада үсіп қаламыз ба деп алаңдаулы. Павлодарда коммуналдық қызмет басшылығы, қол астындағыларды қырық градус аязда жұмысқа шығарып, қарсылық танытқандарын қызметтен қуамыз деп қорқытқан.

Бет-ауызы домбығып, далада қара жұмысқа жегілген жандардың бірі ауруханаға жатқызылыпты. Адам түгілі, төрт аяқты жануардың жанын қинаған климаттық жағдайда қолына күрек алып, күн-түні тыным таппағандар жайлы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Қыс басталғалы қала ішінде қар тазалап, нәпақасын тауып жүрген Әсел Қайдарова қақаған аязда күрек ұстаудың өзіне қиналғанын айтты. Қолына алатын 66 мың теңге үшін үсіп-тоңып, үнемі суықтап жүретінін жасырмады. Тәуліктің екінші жартысында күн жылынады деп ойлады ма, әлде жұмысшыларға осылай жеңілдік жасаймын деді ме, сынап бағаны минус қырыққа дейін төмендеген күндері бізді түстен кейін ғана жұмысқа шығарды дейді. Талапқа қарсы шығуға заңды құқықтары да жоқ.

“Басшылық 2017 жылы жұмысқа қай кезде де өз еркімен шығатынымызды растайтын құжатқа қол қойдырып алды. Сол себепті, біз қақақаған аязда жұмыс істеуге мәжбүрміз. Қит етсек, құжатты көрсетіп, жұмыстан шығаруы мүмкін ғой?! Онсыз да, “жұмыстарың ұнамаса, орындарыңа басқа адам аламыз”, деп бірнеше рет айтқан”,  дейді Қайдарова.

Қытымыр қыстың қиындығын тартып жүрген коммуналдық қызмет жұмысшылар үзіліс кезінде дүкен не аялдамаларға кіріп, жан бағуға мәжбүрміз дейді. Үш бригададан тұратын жетпіске жуық адам күн сайын өздеріне тиесілі аумақты тазартуға міндеттелген. Қолайсыз климаттың кесірінен сырқат шалған бір жұмысшы қазір ауруханада емделіп жатқан көрінеді. Адам төзгісіз жағдайда жұмыс істеп жүргендердің еңбек шарты да талай бұзылған.

“Сенбі-жексенбі күндері жұмыс істейтіндерге заң бойынша екі еселенген төлем жасалады. Ал біздің басшылық демалыс күндері кейде төлейді, кейде төлемейді. Оның орнына, кез-келген күні демалыс алуларыңа болады дейді”,  дейді қалалық коммуналдық қызмет жұмысшысы Әсел Қайдарова.

Ал еркек түгілі, нәзік жанның қолына күрек алып, көше тазалап жүргенін көргендер оларға жандары ашитынын жасырмады. Коммуналдық қызмет өкілдерінің мұндай жағдайға жұмыс істеуі дұрыс емес дегенді алға тартты.

“Олар да адам ғой енді?! Әйелдер істейді онда, қиын ғой енді 30-40 градуста жұмыс істеу әйелдерге. Ер адамға да қиын.

“Мұндай жағдайда адамдар қатып қалады, тоңып, үсіп қалады. Адамдар ауырады. Жылытатын жерлер болса, мүмкін болушы еді”

Ал қалалық коммуналдық қызмет басшылығы мәселеге қатысты сұхбат бермеді. Ал аймақтың еңбек басқармасындағылар, жағдайға қатысты былай деді:

“Ақша санап отырған кез келген жұмыс беруші уақытша жылықтыш алып беруі керек. Тоңып тұрған адам дұрыс жұмыс істемейді. Екіншіден, ауырып демалысқы көп шығатын болады”, – дейді аймақтық еңбек басқармасының жетекшісі Асқар Қапанов.

Қыс айының соңына дейін шыдап, жанайқайларын енді жеткізген жандардың проблемасы қалай шешілетіні белгісіз. Біз бұл мәселені назарда ұстайтын боламыз.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау