Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарлық ақсақал “сүйіктісінің” кесірінен 15 жылын жындыханада өткізген

Павлодарда “сүйіктісінің” кесірінен 15 жылын жындыханада өткізген Елубай Армашев 24 жыл бойы әділдік іздеп, құзырлы органдардың табалдырығын тоздырған.

7998b9d6-612b-4fc6-ab7b-d20d37744934.a1762bf7cb196e15ffcd4a1b4e9173c427216-1122.a1762bf7cb196e15ffcd4a1b4e9173c427216

Бұл туралы pavlodarnews.kz хабарлайды.

Ол 1949 жылы Павлодар қаласында дүниеге келген. 1976 жылдары Алматыдағы Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін психология және қоғамтану мамандығы бойынша бітіріп, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтына ассистент болып жұмысқа орналасқан. Бұған дейін Алматыда оқу бітіретін жылы университетте лаборант болып істейтін бір қызбен танысқан. Бірақ та Елубай Армашев екі-үш күндік таныстықтың соңы мұндай қасіретке айналады деп еш ойламаған.

“Әлгі ару алаңсыз қызметін істеп жүргенімде соңымнан үш-төрт айдан кейін өзі іздеп келді. Сонда мүлдем үйге кіргізбей, қайтарып жіберсем мұндай жағдайға душар болар ма едім? Бірақ, Қазақстанның бір шетінен мен үшін келгеннен кейін қабылдауыма тура келді. Үйлендік. Бірнеше ай бірге тұрғаннан кейін ол мені Атырауға ертіп кетті. Бірақ ол жақта менің жағдайым келген жоқ. Біріншіден, әйеліммен және оның төркінімен тіл табыспадым, екіншіден, ол жақтың ауа-райы менің денсаулығыма жақпады. Аз уақыт болған соң әйеліме: “Ажырасамыз, мен Павлодарға кетуім керек” дедім. Содан бәрі басталды. Олар маған ауру деген жалған айып тағып, Атыраудағы психикалық ауытқуға ұшырағандарды емдейтін ауруханаға жатқызды. Тіпті, “ақыл есі мүлдем ауысқан” деген диагноз шығартып тастады. Әрине, оны тамыр-таныстары арқылы жасады. Мен қанша рет сау екенімді дәлелдегім келсе де, ештеңе шықпады. Басында бірнеше рет үйге шығарып алып жүрді. Бірақ, олардың мұндай қиянатынан кейін менің ішім жылымады. Қайта кетуге бел байладым. Сондан кейін олар мені шыға алмастай етіп 10 жылға жіберді. Кейін дәрігерлер мені Павлодардың психикалық диспансеріне ауыстырды. Мұнда 5 жыл болдым”, – деп күрсінеді Елубай ата.

Елубай Армашев Атырауда жатқан кезде өзінің есі дұрыс екенін дәлелдеу үшін Мәскеудегі КСРО-ның Денсаулық сақтау министрлігіне үш рет барған. Дегенмен алғашқы екі сапары сәтсіз аяқталған. 1990 жылы үшінші рет барғанда КСРО Жоғарғы Кеңес депутататы болып сайланған Олжас Сүлейменовтің көмегімен Мәскеудегі психикалық ауруларды зерттейтін ғылыми зерттеу институтында тексеріледі. Соның нәтижесінде екі жылдан кейін сараптамаға ешқандай психикалық ауытқу жоқ деген қорытынды шығарылған.

“Аталмыш институттың шешімін алып келгеннен кейін Павлодардағы психикалық диспансер есептен шығарып, бүкіл құжаттарымды қолыма берді. Содан бері әділдік іздеп бармаған жерім, баспаған тауым жоқ. Менің 15 жыл өмірімді талқан еткен дәрігерлердің үстінен қанша рет арыздандым. Бірақ ешкім тыңдамайды. Прокротураға жазсам, олар сотқа жібереді. Сотқа барсам жергілікті учаскелік полицияға жолдайды. Ал, олар менің арызыма жауап қатпақ түгілі өзімді келеке қылып, айтқан уәжіме құлақ аспайды. Осылайша, осы күнге дейін  әділдіке қол жеткізе алмай келемін”, – дейді Елубай ата.

Талқылау