Павлодарда полицейлер пәтерді тінту кезінде тастанды сәбиді тауып алды
Павлодарда полицейлер күдіктінің үйін тінту кезінде емзулі баланы тауып алды. Қазіргі таңда нәресте облыстық балалар ауруханасында жатыр.
Бұл туралы pavlodarnews.kz хабарлайды.
Денсаулық сақтау департаментінің хабарлауынша сәби 2,5 айлық екен.
“Қыз баланы полиция қызметкерлері облыстық балалар ауруханасына жеткізді. Оның дені сау және өз жасына сай дамыған. Нәрестені ешкім тамақтандыруға келмегендіктен, қазіргі таңда ол жасанды қоректендіру аппаратына қосылған”, – деді облыстық денсаулық сақтау департаментінің баспасөз хатшысы Махаббат Мұхамедиева.
Павлодар прокуратурасының хабарлауынша, Шакат ауылының 46 жастағы тұрғынының суррогатты алкоголь ісі бойынша күдіктінің үйін тінтіген кезде, тастанды сәбиді тапқан.
“Күдіктінің сөзінше оған сәбиді бір туысы тастап кетіпті. Ал тастаған адамның өзі жұмыстарымен Екібастұзға кетіп қалған. Ұсталған адам сәбидің өз үйінде бір айдан бері жатқанын айтты. Сәбидің анасы анықталып, одан да сұрау алынды. Ол небәрі 2-3 күнге қалдырғанын айтып отыр. Бұл оның бесінші баласы. Аталған ақпарат қазір тексеріліп жатыр”, – деді қала прокуроры Ержан Бөлегенов.
Сондай-ақ, ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшісін ұстау кезінде пәтерден 13 жастағы ұлымен бірге тағы бір әйел табылған. Оның қылмысқа қатысы бар екендігі анықталған жоқ. Ал табылған сәбидің жағдайымен Павлодардың ювеналды полициясы мен қамқорлық органдары айналысып жатыр.
“Ата-анасы қыздарын неліктен тастап кеткендерінің нақты себебін айтпайынша сәбиді қолдарына ала алмайды. Осы уақыт ішінде оның туыстарынан ешкім хабарласқан жоқ. Әлі біраз уақыт ауруханада болып, сосын балалар үйіне жіберіледі”, – деді қалалық білім бөлімі қамқорлық секторының меңгерушісі Орынбасар Темірболатов.
Оқи отырыңыз:
Ақтөбеде соңғы қоңырауда облыс әкімін күткен мектептен шу шықты
Науқас қыздың анасы қайырымды жандардың 10 млн теңгесін басқа мақсатта пайдаланған
17 жыл бала сүюді армандаған әйел бірден 6 баланы өмірге әкелді (фото)
Депутаттар жоғары оқу орындарындағы әскери кафедраларды жабу туралы ұсыныс айтты