Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда Назарбаев мектебінің түлектері «Алтын белгілерін» қорғай алмай ұятқа қалды

Павлодарда атағы жер жарған Назарбаев Зияткерлік мектебі түлектерінің көпшілігі «Алтын белгілерін» қорғай алмады. Өз білімдерін іс жүзінде дәлелдей алмаған олар енді шу шығарып, барлығына жаңа оқу жүйесі кінәлі деп отыр, деп хабарлайды КТК арнасы.

Павлодарда Назарбаев мектебінің түлектері «Алтын белгілерін» қорғай алмай ұятқа қалды

«Алтын белгі» ала алмағанға түлектерден гөрі олардың ата-аналары ашулы: 12 жыл бойы кітаптан бас алмаған балаларымыздың еңбегі желге ұшты дейді олар. Тіпті олимпиадаларда жеңіске жетіп, инновациялық жобаларды жасақтағандықтары да ескерілмепті.

«Менің қызым 12 жыл бойы тек беске оқыды. «Алтын белгіден» үмітті едік. Бірақ, сынақ нәтижесі нашар болып, ренжіп тұрған жайымыз бар», – дейді Назымгүл  Бәйілдинова.

Бірақ, ата-аналар нағыз керек кезде білімдерін көрсете алмаған балаларына емес, жаңа жүйеге ренжулі. Яғни, бұрын сынақ кезіндегі қорытынды балға оқушының өткен оқу жылындағы білім көрсеткіші әсер ететін болса, қазір бұлай емес. Білімді бағалаудың жаңа жүйесі бойынша – түлектердің тағдырын қорытынды сынақ шешеді.

«Өзімнің ұлттық бірыңғай тестілеуден алған балыма көңілім толмайды. Онымен тіпті Павлодар мемлекеттік университетіне де түсе алмаймын.  Бала кезімнен Алматыдағы Асфендияров атындағы медицина университетіне түсуді армандағам. Бірақ, ол жерде енді тек ақы төлеп оқуға тура келеді», – дейді түлек Дана Қожас, түлек.

Назарбаев Зияткерлік мектебінің басшылығы ата-аналар бостан-босқа айқай-шу шығарып отыр дейді. Өйткені, «Алтын белгі» мен ерекше үлгідегі аттестаттың болмауы тегін білім алуға кедергі емес көрінеді.

«Оқушының өзі күткен нәтижеге жете алмауы – қалыпты нәрсе ғой. Жалпы білім беретін басқа мектептерде де сондай жағдай болуы мүмкін.Бұл жерде де солай. Ал қазіргі таңда біздің оқушыларымыз Кембриджге түсуге мүмкіндік беретін халықаралық сынақты ойдағыдай тапсырды», – дейді Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Гүлназ Жүкенова.

Мұндай жағдаймен келіспейміз деген ата-аналар апелляциялық шағым да түсірмек болыпты. Бірақ,  сынақ қорытындысын өзгертуге рұқсат етілмейтін көрінеді. Айта кетейік, Павлодардағы Назарбаев Зияткерлік мектебін биыл 136 оқушы бітірді. Олардан ішінде жетеуі «Алтын белгіден» дәмелі болғанымен, үшеуі ғана қорғап шыққан. Енді олар өз білімдерінің әлдеқайда жоғары екендіктерін дәлелдегілері келсе, әрі тегін оқудан үмітті болса, тағы да сынақ тапсырулары тиіс.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау