Павлодарда күзет агенттігінен қару ұрлаған күдіктілер ұсталды
“Аталған ұрлық ісін ашу үшін, Павлодар облыстық ІІД тәжірибелі қызметкерлерінен зерттеу жедел тобы жасақталған. Қолға түсірген мәліметтер негізінде бірнеше нұсқалар қарастырылған. Жоспарлы зерттеу әрекеттері нәтижесінде облыстың 19 жастағы үш тұрғыны қолға түскен”, – делінген хабарламада.
Күдіктілердің біреуі, қауіпсіздік қызметі басшысының кабинетінде қандай қарулар бар екенін бес саусақтай білетін сол мекеменің күзетшісі болып шықты. Ұрлық жасау үшін ол екі досына осылайша мүмкіндік жасап берген.
“Олар түн ортасында қоршаудан секіріп өтіп, терезені сындырып ішке кірген. Кілттің көшірмесі арқылы есікті ашып, басшының кабинетінде емін-еркін керекті қаруларын ұрлаған. Бірақ, қылмыстық әрекет көп ұзамай ашылды”, – баспасөз-мәлімдемесінде.
Олардың тұрған пәтерлерін тінту негізінде ұрланған қарулар тәркіленді. Сотқа дейінгі зерттеу барысында, күзет агенттігіндегі қарулардың ішкі істер мекемесінде ресми тіркелмегені де анықталды. Бұл өз кезегінде заңдық тәртіпке қайшы келеді.
“Қазіргі таңда күзет агенттігін лицензиясынан айыру мәселесі де қарастырылып жатыр”, – делінген ақпаратта.