Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда Бауыржанды іздеуге көріпкелдер кірісті

Павлодарда 5-маусым күні үйінен дүкенге шығып кетіп, қайта оралмаған Бауыржан Нұрмұхамбетовты Шарбақты ауданында іздестіріп жатыр, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

бауыржан

Бұл туралы агенттікке берген сұхбатында Бауыржанның әжесі Бағжан Тәстенова мәлім етті. Зейнеткердің айтуынша, кеше кешке Бауыржанның анасына баласын іздеп жүргені туралы әлеуметтік желілерден білген тағы бір көріпкел хабарласқан. Петропавл қаласынан қоңырау шалған ол жігіттің суретіне қарап тұрып, оның қай жерден көріп тұрғанын айтты.

«Көріпкел Бауыржанды біреулердің күштеп тұрып қызыл-қошқыл түсті көлікке отырғызғанын айтуда. Автокөліктің нөмірінде 11 саны болуы мүмкін. Оны Шарбақты ауданына қарай әкетіп, бір қабатты үйде ұстап отыр. Бүгін таңертең Бауыржанның ата-анасы сол жаққа кетті. Немеремнің табылатындығынан үмітімізді үзбейміз, – деді Бағжан Тастенова.

Агенттіктің жолдаған ресми сауалына ұсынған жауабында облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі жоғалып кеткен павлодарлықты іздестіру жұмыстарына ішкі істер органдарының жеке құрамы жұмылдырылғанын атап өткен. Естеріңізге сала кетсек, соңғы рет Бауыржан Нұрмұхамбетовты екінші Павлодардағы Карагандинская, 1 мекенжайындағы «Даниял» дүкенінде көрген.

Жігіт ақ және көк жолақты жеңіл жейде, сұр түсті спорттық шалбар және қоңыр аяқ киімде болған. Іздестіру жұмыстарына полиция қызметкерлерінен басқа, еріктілер мен балгер-көріпкел Дәметкен де қосылған болатын. Алайда, іздестіру шараларынан әзірге ешбір нәтиже жоқ.

 

 

Талқылау