Дүбірлі додаға Бразилия, Литва, Украина, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстан елдерінен 24 спортшы қатысты. Он екі жекпе-жекке тұратын жарыс бес сағатқа созылды.

Айта кетерлігі, 12 балуан Қазақстандағы және Ресейдегі «Ахмат» клубының намысын қорғаса, қалған спортшылар өзге жекпе-жек мектептерінің атынан сынға түсті. Нәтижесінде, 11 ұрыста «Ахмат» жеңіске жетті. Кештің басты жекпе-жегі павлодарлық Фаниль Рафиков пен бразилиялық Жозе Маркус Сантиагоның арасында болды. Әділ қазылар алқасының шешімімен Фаниль Рафиков жеңіске жетті. Павлодарлық батырды қала әкімі Болат Бақауов марапаттады.

Павлодардағы «Ахмат» кәсіпқой спорт клубының президенті Сұлтан Ичиевтың айтуынша, билеттен 800 мың теңге жиналған.

– Билеттен түскен қаржыға 200 мың теңгені өз атымыздан қосып, жалпы сомасы бір миллион теңгені екі баланың еміне бөліп бердік. Олар сал ауруына шалдыққан 2002 жылы туған Даниил Шефнер мен 2006 жылы туған Әлішер Аманолла. Даниилге дәрігерлер лейкодистрофия диагноз қойған, ал Әлішерде орта деңгейлі спастикалық диплегия. Бұл біздің клубтың халықаралық турнирден жасаған алғашқы қайырымдылық шарасы, – деді Ичиев.

Клуб басшысының айтуынша, алдында жекпе-жекті тегін ұйымдастыру ойда болған. Алайда «Batyr mall» орталығына халықтың тым көп жиналып, ыңғайсыздық туындамау үшін билет сатылымға қойылды. Билеттердің ақшасы турнирдің ашылу салтанатында балалардың ата-аналарына табысталды.

Сондай-ақ Сұлтан Ичиевтың атап өткендей, шет елден келген спортшылар Павлодарда Наурыз мерекесін тойлаған.

“Ұлыс күні қонақтарымызға қатты ұнады. Бразилиялықтар бесбармақ тағамын жеген кезде, бұдан керемет асты жеп көрмегендерін айтты.
«Batyr mall» орталығында өткен ММА аралас жекпе-жек бойынша «Қаһарлы күрес-17» халықаралық турнирін 1000-ға жуық адам тамашалады. Жуық арада аталмыш турнир «Матч Боец» телеканалынан көрсетіледі.