Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодар тұрғыны түсінде елбасын көрген соң, үшемнің әкесі атанған

Павлодар тұрғынына түсінде президент қауырсыны бар үш қалам тарту еткен. Ал шығыс күнтізбесіне сай түс жоруға сүйенсек, белгілі тұлғаның сыйлық тарту етуі – ұрпақ сүйетінін білдіреді.

1394083881_ushem-1

Бұл туралы STAN.KZ Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Биылғы жылы үшінші рет Аяулым, Нармин және Айкерім есімді үшем дүниеге келді. Қыздардың салмағы – 1870, 1960, 2020 грамм, бойы – 42,44 және 46 сантиметр. Агенттік тілшісіне берген сұхбатында балалардың анасы Далия Ибадилдинова үшем дүниеге келетінін болжам бойынша білгенін айтты.

“Жолдасым екеуміз 2007 жылы отбасын құрдық. Бұл күнге дейін перзент сүйе алмадық. Сондықтан көптен күткен қуанышқа кенеліп отырмыз. Өзімнің жүкті екенімді білмегенде күйеуім түс көргенін және түсінде елбасы кіргенін айтты. Президент маған үш қалам тарту етті. Қалам болғанда жай қалам емес, қауырсыны болды. Ал шығыс күнтізбесіне сай түс жоруға сүйенсек, белгілі тұлғаның сыйлық тарту етуі – ұрпақ сүйетінін білдіреді. Күйеуім маған: «Нұрсұлтан Назарбаевтың үш қызы бар. Демек, біз де үш қызды боламыз» деген болатын. УЗИ түстің шындыққа айналғанын көрсетті. 5 желтоқсан күні сәбилі болдық.

Ибадилдиндер отбасы Екібастұз қаласында ата-анасымен бірге тұрады. “Жолдасым – отбасындағы жалғыз ұл. Ата-анасын күтіп, бағу – оның басты міндеті. Мен үй шаруасымен айналысамын. Күйеуім темір жолда қауіпсіздік бойынша ревизор болып жұмыс істейді. Барлық қиындықтарға қарамастан, үшем болатынын естігенде қатты қуандық”, – дейді жас ана.

Перинаталдық орталықтың бас дәрігері Айман Оспанованың айтуынша, Далия мен сәбилер қазіргі таңда патология бөліміне орналастырылған. Қыздардың бірі анасымен бірге болса, екеуі арнайы палатада. Оларға әзірге медициналық қызметкерлердің күтімі қажет. Алайда анасы нәрестелерін көре алады. Бас дәрігер балалар анасымен бірге перзентханада кем дегенде бір ай болатынын айтты. Одан әрі қарай жағдай балалардың салмақ қосуына байланысты. Перинаталдық орталықтың мәліметі бойынша Павлодар облысында биыл 97 егіз, үш үшем дүниеге келген. Былтырғы жылы өңірде 41 егіз туғанмен, үшемдер болмаған. Биыл көпұрықты жүктіліктің көбейгені байқалады.

Талқылау