Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодар облысында тұрғындар Ленин ауылының атын өзгертуге қарсылық танытты

Павлодарда төрт жылға созылған онамастикалық дау да шегіне жетті. Ақсақалдардың Ленин ауылының атын ауыстыру туралы бастамасы қолдау таппай қалды. Мәселенің мән-жайын КТК арнасы талдап көрген еді.

кккк

Ауыл ақсақалдары елдімекенді Қазанғап сұлтанның есімімен атауды ұсыныпты. Сұлтанның 19 ғасырда қоныс аудару мәселелерін сәтті шешкенін де алға тартып дәлел көрсеткен.

Қала сыртындағы Ленин ауылының тұрғындары төрт жылдан бері екі тарапқа бөлініп алып айтысып келеді. Жергілікті ақсақалдар ауылға 19 ғасырда өмір сүрген қайраткер Қазанғап аға-сұлтанның есімін беру керек дейді.

“Ол Баянауыл ішкі округінде аға-сұлтан болған екен. Денесі осы маңнан 7 шақырым қашықтықта жерленген”, – дейді Ленин ауылының тұрғыны Махмет Демесінов.

Қазанғап өз уақытында халықтың қоныс аудару мәселелерін реттеген. Ол патшалық билікпен келісіп, сырттан келгендер Ертістің оң жағалауын алады, ал бұрыннан мекендеп келе жатқан халық сол жағалауында отырады екен. Бұл өз кезегінде өте сәтті саяси шешім болған. Тұрғындап бастапқыда ауыл атын өзгерту ұсынысын қуана қолдаған. Алайда кейін қайта ойланып, оның қаншалықты қажеті бар депті. Іле-шала ауыл атын өзгерту мәселесіне қарсы топтар да пайда бола кетіп, тіпті акциялар өткізген: адамдар нашар жол, ауыз судың жоқтығы, балабақшаның жетіспеушілігі сынды қоғамдық мәселелерді алға тартқан.

“Біз адамдарға жағдай жасап, жол төсеп, ауыз су әкеліп, мәселелерді шешкен кезде ғана барып, адамдарды жинап олардың пікірін сұрау керек. Ал дәл қазір жәй ғана ауыл атын өзгерту үшін миллиондаған қаржы жұмсаудың керегі жоқ. Бұл жерден еш мән-мағына көрмей тұрмын”, – дейді ауыл тұрғыны Сейілхан Сәрсенбаев.

“Қорытынды жиында адамдар ашық дауыс беру арқылы шешім қаылдайды: не ауылдың атын ауыстырады, не аталмыш ұсынысты қараусыз қалдырады”, – дейді ауыл әкімі Жеңіс Әбікен.

Ал биліктің өзі болса “қай жеңгенің менікі” деп отыр. Шенеуніктер ауылдың 1914 жылы құрылып, ол кезде жәй ғана “7 ауыл” деп аталған дейді. Жарты ғасыр өткен соң Лениннің есімі берілген. Қазіргі таңда елдімекенде 10 мыңнан астам адам тұрады.

Жоғарыда әкім айтқан қорытынды жиналыс өткізіліп, ақыры ауыл аты өзгеріссіз қалған. Ауылдың атын Қазанғап деп атайық деген ұсынысқа мүлде аз дауыс жиналыпты. Осылайша пролетариат есімі ауыл маңдайшасында әлі біраз уақытқа дейін жарқырамақ.

Талқылау