Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодар облысында арнайы жасақ жергілікті тұрғындарды соққыға жықты

Павлодар облысының Ертіс ауданына қарасты Қызылқақ ауылы тұрғындары полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекетіне шағым айтып, наразылық білдірді.

a7621841261f1c434b667330cd148cf2_L

Бұл туралы 24.kz хабарлайды.

Тұрғындардың айтуынша, шұғыл әрекет ету жасағы арыз иелерін жаппай сабаған. Жәбірленушілердің арасында 15 жастағы жасөспірім де бар. ІІД-нің жедел әрекет ету тобы түн ауған шақта ауылға келіп, тергеу жұмыстарын жүргізсе керек. Ал, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы “полицияға қарсы шыққан жағдайда күш қолдану ережелесі бар” екенін алға тартып отыр. Тәртіп сақшыларынан таяқ жеген ауыл тұрғындарының бірі – жылқышы Ербол Қабылбеков. Құрбан айтқа шақырған ауылдасының үйіне қонаққа бара жатқан жолда таяқ жепті. Айтуынша арнайы форма киген адамдар ер-азаматтарды ұрып соққан. Қазір миы шайқалып, қабырғасы сынып ауруханада жатыр.

– “Енді мен айтқа бара жатқан жерімнен қонаққа, мотоциклмен келе жатып ұстап алды. Түсе сала тепкіледі. Қолмен де ұрды. Сосын жатқызып қойып ұрды. Дәрігер келді сосын үйге алып кетті”, – дейді жәбірленуші Ербол Қабылбеков.

Бүгін тағы 4 ауыл тұрғыны дәрігерлердің көмегіне жүгініпті. Әкесін ұрып жатқандарға тойтарыс берем деп жәбір көрген он бес жасар Темірлан Ахметовтің кеуде қуысына зақым келген.

– “Мен мектептен келе жаттым. Көшеде әкемді ұрып жатыр. не істеп жатырсыңдар десем мені мына жерімнен бір періп құлатты, теуіп салды. Үшеуі маскада болды, автоматпен”, – дейді жәбірленуші Темірлан Ахметов.

– “Жалпы науқастар Қызылқақ ауылынан келді. Жәбірленуші 5 науқас болған. Оның бірі ауруханаға жатқызылды. Сол жағынан сегізінші қабырғасы сынған”, – дейді Ертіс аудандық ауруханасының хирургі Әусен Әлкеев.

Ауыл имамы, тарих пәнінің мұғалімі, кәсіпкер, мектеп оқушысы ұзын саны 11 адам зардап шеккен. Шұғыл әрекет ету тобымен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімі Қызылқақ ауылына артемия-салина шаяндарын аулайтын көлді күзетуге барған. Тұрғындар тұзды көлден құнды жәндіктерді аулауға болмайтынын білсе де, бұл жерді кәсіпке айналдырған. Қанша рет ескертілгенмен ауылдықтар бұл әдетін қоймапты. Полицияға қарсы шығып, заңға бағынбаған соң осындай жағдайға бардық деп отыр.

– “Қызметкерлер «Құқық қорғау жөнінде» қолданыстағы заң бойынша әрекет жасады. Онда қандай да бір оқиға болғанда күш қолдануға болады делінген. Бұл жағдайда біздің қызметкерлер самбоны қолданды”, – дейді облыстық ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімінің басшысы Нариман Әлиев.

Қазір осы оқиға бойынша қылмыстық кодекстің 362 бабымен қызметтік өкіліттігін асыра пайдалану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары басталып кетті.

Жіберіп алмаңыз:

Алматыда полицейлер заңсыз алма сатқан қарияны соққыға жықты (фото)

Шымкентте полицейлер 17 жастағы бозбаланы жабылып ұрып, аяусыз соққыға жықты (видео)

Кафеде екі жігітті соққыға жыққан күзетші қыз жауапқа тартылуы мүмкін

Талқылау