Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Парламент әскерилерге арналған баспана туралы заңға түзетулер енгізді

Әскерилерге төленетін тұрғын үй төлемақысы мен қажет болған жағдайда олардың отбасына төленетін ақшалай өтемақыға қатысты түзетулер жасалды.

Қазақстан парламенті сенатының депутаттары тұрғын үй қатынастары мәселесіне қатысты түзетулерді екінші оқылымда қабылады, деп хабарлайды Sputnik.

Бұдан бұрын халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі мәжіліс комитеті қорытындысында хабарланғандай, заңның негізгі мақсаты Қарулы күштер, әскери прокуратура, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдары әскери қызметшілерін баспанамен қамтамасыз ету механизмін жетілдіру болып табылады.

Заң бойынша әскерилер (әскери борышын өтеп жүргендер, кадеттер мен курсанттардан басқа) баспананы жалға алғаны үшін өтемақы төлеу жүйесінен тұрғын үй төлемақысы жүйесіне ауыстырылуы тиіс. Тұрғын үй төлемақысы әскери қызметшілердің қызмет мерзіміне қарамастан, баспанаға мұқтаждардың бәріне беріледі.

Бұдан бұрын қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров айтқандай, қазіргі заңнамаға сәйкес баспананы жалға алғаны үшін өтемақы әскери қызметкерлердің карточка шотына аударылады. Тәжірибе көрсеткендей, әскерилер бұл ақшаны көбінесе басқа тұтыну мақсаттарына пайдаланады.

Сол себепті тұрғын үй төлемақысы әскеридің банктегі арнаулы шотына түсіп, баспана алуға қатысты мақсаттардың біріне ғана жұмсалуын негіздейтін заң нормасы енгізілмек. Банк қабылданған құжаттардың дұрыстығын тексеру құқығына ие болады.

Заңға сәйкес жатақханада немесе жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекаралық заставаларда, басқа да жабық нысандарда орналасқан баспанамен қамтамасыз етілген әскерилерге тұрғын үй төлемақысының 50%-ы ғана төленеді.

Сонымен бірге, заң жобасы әскери қызмет кезінде қаза тапқан әскерилердің отбасы мүшелерінің баспана мәселесін шешуді қарастырады. Бұл отбасыларға марқұм әскери қызметкер қызметін өтеп жүрген өңірдегі жаңа баспананың нарықтық құнына тең көлемде бір реттік ақшалай өтемақы берілмек. Сондай-ақ, жарақаты немесе сырқаты салдарынан әскери қызметінен айырылған әскерилерді баспанамен қамтамасыз ету де жоспарланған. Әскерилердің бұл санатына жаңа баспананың нарықтық құнына тең көлемде бір реттік өтемақы төленеді.

Бұдан бөлек, тұрғын үй-құрылыс жинағы ретінде жинақ шотында жатқан қаражатты басқа мақсатта пайдаланудан қорғау бойынша мәселені шешуге бағытталған түзетулер қабылданды.

Тағы да оқыңыз:

Дариға Назарбаева: Елбасы – ең үлкен құрметке лайық адам

Алматыда Фурманов көшесінің атауы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы болып өзгерді

Шымкентте эротикалық видеомен танылған шенеунік діни мекемедегі қызметіне қайта келді

Талқылау