Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Пара алғаны үшін жұмыстан қуылған Оңтүстік қазақстандық мұғалім сұхбат берді

Түлкібас агробизнес және туризм колледжінің математика пәнінің оқытушысы 51 жастағы Нұржамал Жанбосынова “Азаттық” тілшісіне сұхбат беріп, өзінің жұмыстан кеткенін растады.

ssv

Мұғалімнің сөзінше ақпанның 11-і күні өзінің студенттерден пара талап ету туралы YouTube желісінде видео жарияланғанын көрген соң «денсаулығы нашарлағанын» айтты.

“27 жыл жұмыс істеген болсам, бірде бір сөгіс алмағам, ескертуім де жоқ. Студенттерге «сынақ тапсырыңдар» дедім. Сынақтан өткен қыздар бағасын алып кетті. Ішінде жақсы оқып, автомат алатындар бар. Бұл төрт қыз (видео түсірген студенттерді айтады) жыл бойы сабаққа кешігіп келді. Сабақта ұйықтап отырды. Дәптерлері де жоқ болды. Мен өз сөзіме жауап бере аламын, – деді Нұржамал Жанбосынова.

40 секундтық видеода «математика пәнінің мұғалімі Нұржамал апай» деп таныстырылған әйел адам аудиториядағы студенттерден «емтиханнан өту үшін екі мың теңге, сынақ тапсыру үшін қолма-қол мың жарым теңге сұрайтынын» айтып саудаласады.

Студенттер бұл бейнематериалды Youtube желісіне нақты кімнің жариялағанын білмейді. Бірақ, бір анығы аталған оқиға қаңтар айының ортасында болған.

«Мұғалімдердің пара сұрайтынын айтудан қорқамыз. Өйткені тексеру келсе, оқушыларды (пара туралы айтпауға) дайындап қояды. Олар кетеді, біз – қаламыз. Сосын қорқамыз» – дейді студенттер.

Студенттер пара талап ету туралы видео түсірілгенін математика пәнінің оқытушысы болған Нұржамал Жанбосыноваға ескерткендерін айтады. Олардың сөзінше, оқытушы «видеоны түсірген студенттің алдына келіп кешірім сұрауын талап етіп, әйтпесе топқа тиісе беретінін» айтқан.

Түлкібас агробизнес және туризм колледжінің оқу бөлімінің меңгерушісі Әлихан Амановтың айтуынша, оқу орынында 800-ден астам студент оқып, оларға 100-ге жуық ұстаз тәлім береді екен.

“Нұржамал Жанбосынова сабаққа өте салмақты қараған. Білімді әрі сауатты маман. Бейнежазбаны көріп өзіміз де шошып кеттік. Барша халықтың алдында ұятқа қалып отырмыз”, – дейді Әлихан Аманов.

Видеоны түсірген студенттермен сөйлескен кезде пара беру олар үшін кәнігі жүйеленген, әдеттегі іске айналғандай көрінді. Олар пара талап ету мен берудің заң бұзу екенін бір де бір мәрте еске алған жоқ. Тек бағасына келісе алмағандарына, «колледж мұғалімдерінің баға үшін пара алу кезінде тұрмысы нашар отбасыдан шыққан студенттерге жеңілдік жасмайтындарына» шағынды. Олардың сөзінше, пара беру кезінде тек тұрмысқа шыққан, жүкті студент қыздарға ғана жеңілдік береді.

“Тобымызда тұрмысқа шыққан қыз бар. Қазір аяғы ауыр. Бір пәннен жеңілдік деп бағасын 500 теңгеге қойып берді. Сонда тұрмысқа шықпасақ, бізге жеңілдік жасалмай ма? Мұндай мұғалімнен үлгі алғымыз келмейді”, – деді тігінші мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттің бірі.

– Алатын стипендиямыз 13-ақ мың теңге. Мысалы, 2-курста 18 сабақ бар. 18 сабақтың әрқайсысына 1500-2000 теңгеден [пара] бере берсек, жетпейді. Қарызға жазыңыз десек, айғайлайды, – дейді бір студент қыз.

Оның сөзін жалғаған группаласы:

– Біздің киіміміз, тамағымыз бар. Қысқы сессияда 18 пәннен сынақ болса, соның жетеуіне ғана баға алу үшін ақша бермедік. Қалғанының бәріне оқысақ та бердік. Мысалы, 1-курста баға қойдыру 500-1000 теңгенің көлемінде еді. Қазір «4» деген баға алу үшін 1000 теңге, оны қарызға қойдыратын болсақ, 1500 теңге сұрайды. «5» деген баға 2000 теңге тұрады, – деді.

Талқылау