Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Пәндерді үш тілде оқыту: Қазақстандық жастардың пікірі қандай?

Жаңа оқу жылынан бастап балаларының пәндерді үш тілде оқитынын естіген ата-аналар әбігерге салынып жүр. Бірі әріпті жаңа таныған балаға мұның қиын соғатынын айтса, енді бірі қарсылықтарын ҚР Білім және Ғылым министрлігіне хат жолдау арқылы білдіріп жатыр. Ал аталған идеяға қатысты бірнеше тілді меңгеріп, қазіргі таңда шетелде білім алып жатқан студенттердің көзқарасы қандай? Әйгерім Жорақызы мен Жолдас Сәкенұлы Stan.kz  тілшісіне берген сұхбаттарында пікірлерімен бөлісіп, көп тіл білудің зияны мен пайдасы туралы айтып өтті.

новый коллаж

Фото: жеке архивтерінен

Бахтиярова Әйгерім Жорақызы Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университетінде білім алған.  Бакалавр бөлімін Аймақтану мамандығы бойынша 2015 жылы тәмамдап, Ресейдегі Мәскеу Мемлекеттік Лингвистикалық Университетіне екі дипломдық жүйеге негізделген УШОС бағдарламасы арқылы магистратураға түскен. Бағдарлама шартына сәйкес, дәл қазір Мәскеудегі МГЛУ университетінде жұмыс істеп жатыр.

Өрісбаев Жолдас Сәкенұлы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің “Филология, әдебиеттану және әлем тілдері” факультетінде білім алып, орыс, ағылшын, француз, өзбек тілдерін жетік меңгерген. Студенттік шағында “Жұмыс және саяхат” бағдарламасымен Американың Айова штатында тәжірибе жинақтаған. Дәл қазір Нью-Йорк қаласында тұрып жатыр.

– Үш тілді қалай меңгердіңіздер? Арнайы курстарға бардыңыздар ма? Әлде тіл меңгеруге себеп болған ерекше бір жағдай болды ма?

Әйгерім: Қазақ жерінде туып, қазақ отбасында тәрбие алғандықтан, өз туған тілім – қазақ тілін білуім мен үшін заңды құбылыс. Ал орыс және ағылшын іспеттес шет тілдерін мектеп кезінен меңгеру үстіндемін. Мұндай бастамаға себеп болған бірнеше алғышарттар бар. Біріншіден, Қазақстандағы оқу бағдарламасына сәйкес, мектепте жүргізілетін міндетті пәндердің бірі – орыс тілі екендігі анық. Осыған орай, бастауыш сыныптан бастап орыс тілін үйрене бастадым.

Екіншіден, Қазақстан көп ұлтты мемлекет болғандықтан, қоғамда әртүрлі адаммен қарым-қатынаста болу үшін байланыс құралы ретінде орыс тілі қолданылатынын мойындамауға болмайды. Алайда, менің байқауымша, қазіргі таңда қазақстандық қоғам өзара қазақ тілінде сөйлесуге бірте-бірте талпынып жатыр. Мұның қуанарлық жағдай екенін айтып өтуіміз керек. Үшіншіден, сөздің шындығы керек, сол заманғы бойымдағы балалық еліктеушілігім орыс тілін жүйрік меңгеруге итермеледі. Сондай сезімде жүріп, орыс тілі және орыс әдебиетінен әртүрлі деңгейдегі олимпиадаларға да қатысыппын, Пушкин мен Толстойды  қазақтың бес арысымен қатар алып сүйсініп оқитынмын.

Ағылшын тіліне тоқталсақ, әке-шешем бала кезімнен аталған шет тілдің болашағы зор және оның халықаралық деңгейдегі тіл екендігі жайлы жиі айтатын. Соны ұғынып өскендікі ме екен, мектеп мұғалімдерінің бастауыш сыныпта берген білімдері негізінде өз бетіммен оқи бастадым. Гуманитарлық бағытқа бейімделіп, күн демей, түн демей шет тілдерін қағаз бетіне жазу арқылы, кейін есейе келе көркем әдебиеттерді оқу арқылы меңгердім. Одан қалса ғаламтор жүйесіндегі ақпараттық қорларды мүмкіндігінше пайдалануға тырыстым. Сол себепті арнайы курстарға барудың қажеті болған жоқ.

Жолдас: Адам баласы дүниеге келе салысымен жан-жағына құмартып, қоғамның қайнап жатқан тіршілігіне сіңіскісі келетіні анық. Кейде бұлай жасауымызға кедергі жасайтын себептер бар. Соның бірі – тіл білмеу. Орайы келіп жатса, бір емес, бірнеше шет тілін меңгеру қажет. Тілге деген қызығушылығым 6 сыныпта оянды. Интернатта оқып жүрген шағымда үш америкалық мұғалім келіп бізге сабақ берді. Олардың әрбір айтқан сөзін жете түсінбесем де, өздерін ұстау мәдениетіне, сөзінің әуезділігіне, креативті әрі ұшқыр ойларына қатты қызықтым. Демалыс күні үйге келіп ата-анама курсқа қатысқым келетінін айттым. Олар да бетімді қақпай, маған барынша материалдық тұрғыдан көмектесіп, курсқа жаздырды.

Қиын іске тап болсақ, қол қусырып, бірден артқа шегінетін әдетіміз бар ғой. Әрине, бәріне топырақ шашудан аулақпын. Жалынды жастарымыздың да көп екенін айта кетуіміз керек. Иә, тіл үйрену әрқашан да қиын. Бірақ біз табандылық танытқан кезде ғана, еңбегіміздің жемісін жейміз. 2011 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің “Филология, әдебиеттану және әлем тілдері” факультетіне тапсырып, “Екі шет тілі” мамандығы бойынша білім алдым. Ағылшын тілімен қатар француз тілін меңгердім. Аталған ЖОО-да екінші курс оқып жүріп “Жұмыс пен саяхат” бағдарламасы бойынша Америкаға барып қайттым. Аталған бағдарлама 1970 жылдардан бастау алған. Әлемнің түкпірлерінде ЖОО-да білім алып жатқан студенттерге арналады. Оның негізінде өзге мемлекеттердің студенттері АҚШ-тың мәдениетін таниды. Бұл бағдарламаға бірінші курсқа түскелі қызыға бастадым.

Өзім екі шет тілі мамандығында оқып жатқандықтан, мақсатым – тіл үйрену. Ал үйреніп жүрген тіліңде сөйлейтін адамдардың ортасында өмір сүру арқылы ол тілді жақсылап меңгеріп алуға болады. Сол мақсатымды көздеп қаңтар айында бағдарламаға қажетті құжаттарды тапсырдым. Артынша мамыр айында жұмыс табылып, 2 маусым күні Нью-Йорк қаласына ұштым. Бағдарламаға іліну үшін қарапайым сөйлеу мәнерін меңгеріп, бірнеше сұрақтарға жауап берсек жеткілікті. Өзіме қойылған 7-8 сұраққа 30 секундтың ішінде жауап беріп, арманыма қол жеткіздім.

Өзбекстан, Нигерия, Ресей, Түркия, Гана сынды мемлекеттердің студенттері жиі барады. Айова штатында тұрақтап, жұмыс істедім. Құрдастарыммен тәжірибе алмасып, көптеген дос таптым. Міне ағымдағы жылдың сәуір айында араға біраз уақыт салып аталған елге тағы бір мәрте барып отырмын. Алайда дәл қазір Нью-Йорк қаласындамын. Барынша мол тәжірибе жинап, үйренгеніммен отандастарыммен бөліскім келеді.

256

5NQJkDciius

– Қазақстандық мектептерде пәндерді үш тілде оқыту мәселесіне қатысты пікірлеріңіз қандай?

Әйгерім: Бұл мәселені келесі тұрғыда қарастыруға болады. Біріншіден, Қазақстандық мектептерге пәндерді үш тілде жүргізу жүйесі енді делік. Мұның салдары қандай болуы мүмкін? Менің байқауым бойынша, қазіргі таңда қазақ қоғамында санасы тасбұғаудан босаған ата-аналар өздерінің балаларын қазақ тілді сыныпқа беріп, мемлекеттік тілді білу керек екендігін мойындап келеді. Осындай үрдістің қалыптасуына, біріншіден, Конституцияда атап көрсетілген Тіл туралы заң негізделді, екіншіден, қоғамда немесе мемлекеттік органдарда қазақ тіліне деген сұраныстың азды-көпті ұлғайуы әсер етті деп есептеймін.

Ендігі кезекте егер үш тілде білім беру жүйесі айналымға енетін болса, қазақ тілінің мемлекеттік деңгейдегі мәртебесі құлдырап, одан қалса, қазақ тіліне деген сұраныс әлсіреп, орыс және ағылшын тілдерінің көлеңкесі болып қалмай ма деген сұрақ туындайды. Мұндай жағдай қоғамның ішкі бытыраңқылығын одан әрі асқындырып жіберуі мүмкін. Осыдан мемлекетіміз “мәңгі ел” немесе “біртұтас ел” деп ұстанған бағытынан ауытқып кету қаупін жоққа шығармауы тиіс. Үшіншіден, аталған мәселеге геосаяси күштердің ықпал етуі тұрғысынан қарайтын болсақ, қазір мемлекет орыс тілін және ағылшын тілін халықаралық деңгейде үлкен сұранысқа ие болуы себебінен үш тілді білім беру жүйесіне енгізгісі келіп отыр делік. Олай болса, қазіргі таңда экономикалық  даму қарқыны күшейіп  келе жатқан Қытай Халық Республикасы да ертеңгі күні сыртқы әсер етуші фактор ретінде қарастырылып, бара-бара қытай тілін де мектепте білім беру жүйесіне енгізу идеясының пайда болуы әбден мүмкін. Осы тұрғыда, мен бұл мәселеге тек пайда жағынан ғана қарамай, ең алдымен, ұлттық мүдде тұрғысынан қарауды ұсынғым келіп отыр.

Бұл менің елімізде өмір сүріп жатқан басқа ұлт өкілдерін басынғаным емес, керісінше, солардың басын ұлттық мүдде негізінде біріктіру болып табылады. Ал ұлттық мүдде, ең алдымен, тіл мен мәдениетке негізделуі тиіс. Мысал келтіретін болсақ, алысқа бармай-ақ көршілес мемлекет Ресейді алып қарайық. Ресей Федерациясы өзінің көпұлттылығына қарамастан, білім беру жүйесін де, мемлекеттік құжаттама жүргізу ісін де орыс тілінде қамтыған, осыған қоса өз Конституциясының 68-бабында Ресей территориясында өмір сүріп жатқан басқа ұлт өкілдерінің өз туған тілін оқуға, өз туған тілінде сөйлеуге толыққанды құқығы бар деп атап көрсеткен. Бұл нені білдіреді? Бұл марқұм Қадыр Мырза Әлі атамыз айтқандай “Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте” деген ойға сайып келеді.

Жолдас: Қандай жағдай болмасын, кез келген істе талап жоғары болуы тиіс. Мейлі ол жеке басымызға қатысты мақсат болсын, ұлттың мүддесі үшін жасалып жатқан дүние болсын. Мұндай жағдай бізде ғана емес, шетелдерде де болған. Тіпті депуттар үш тілділіктің салт-дәстүрлеріне кері әсерін тигізетінін туралы айтқан болатын. Десе де, тіл білген сайын ой-өрісіміз бен танымымыздың жетіле түсетінін ұмытпайық. Ал ақылды ұрпақтың, елінен теріс айналмайтыны анық.

Адамның айтқан сөзіне қарап, оның танымының қандай деңгейде екенін білуге болады. Мұнымен қатар, санасында бірнеше әлемнің картинасы пайда болады. Мидың көлемі ұлғайып, жүйке талшықтарының байланысы нығайып, ақ және сұр заттардың әсері молая түседі. Ал жасымыз ұлғайған сайын тіл меңгеру қиындай түседі. Сондықтан мектептегі пәндерді бірінші сыныптан бастап қана бірнеше тілде жүргізетін болса, мен құба-құп деймін. Керісінше ол жастардың халқының қамын ойлап, мәдениетті болып өсері хақ.

12240004_1634038730183172_4342641131118322701_n

photo

– Аталған идеяға қатысты қандай да бір кеңестеріңіз бар ма?

Әйгерім: Қазақта “Ел болам десең, бесігіңді түзе” деген керемет сөз бар. Біз біртұтас ел болуымыз үшін, атадан қалған мұраны бізден кейінгі ұрпаққа аманат етіп жеткізуіміз үшін өзімізге өзіміз берік болуымыз қажет. Құлдық санадан ажырап бізден кейінгі өскелең ұрпаққа қазақи құндылықтарымызды сіңдіруіміз керек. Осының барлығы айналып келгенде тіл мәселесін қозғамай қоймайды. Қазақи болмыс, қазақи рух, ең алдымен, қазақ тілі арқылы мектепке енді келген бүлдіршіннің бойына дариды. Сол себепті білімді қазақ тілінде алу біздің ұлт болып дамуымыздың алғышарты деп есептеймін. Әрине, бұл басқа шет тілдерін білуге деген құлшынысты тежеу деген пиғыл емес. Керісінше, ең алдымен, өз мемлекеттік тілімізді жетік біліп, кейіннен үш тілдік білім беру жүйесін енгізбей-ақ, шет тілдерін меңгеруіміз қажет деп есептеймін.

Жолдас: Педагог маман, психолог, саясаткер болмағандықтан, бірнәрсені дөп басып айта алмаймын. Жыл сайын білім жүйесіне жаңа реформа енгізе бергенше, біреусін нақты қолға алып, соны соңына дейін жеткізген абзал. Дамушы мемлекет болуымыздың да бір пайдасы бар. Біз дамыған 50 елдің тәжірибесін сүзгіден өткізіп, олардың қателігін жібермеуге тырысқанымыз жөн. Ең бастысы – үш тілділікті ұстанамыз деп жүріп өзіміздің дініміз бен ділімізді, тіліміз бен салт-дәстүрімізді жоғалтып алмайық. Тіліміз жүректегіні басқа тілде жеткізсе де, сол жүректен шыққан сөз елім деп шығуы тиіс.

Қазіргі таңда бірнеше тілді жетік меңгеріп, шетелде тәжірибе жинақтап жүрген азаматтардың пікірі сан-қилы. Ал Қазақстан мектептерінде пәндерді үш тілде оқытуға сіздің көзқарасыңыз қандай?


Оқи отырыңыз:

Министр алдағы уақытта оқушылардың сабақты қай тілде өтетінін мәлімдеді

Қазақстанда ағылшын тілінде сабақ беретін 30 мың оқытушы керек

Жаңа тағайындалған білім министрі оқушыларды қай тілде оқыту керектігін айтты (видео)

Дариға Назарбаева араб, қытай тілдерін меңгергісі келіп жүр

 

Талқылау