Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өздеріне ұпай жинау үшін жылады: Назарбаев президенттіктен кеткенде жылаған шенеуніктер сынға қалды

Өткен апта қазақтың жанарынан көлкіп жас кетпей қойды ғой. Ендігі сөз еткелі отырған көз жасы қайғынікі емес. Бәлки, қимастықтың көз жасы шығар? Енді біреулер мұны ұпай жинау үшін, күшпен шығарған жасдеп әжуалап әуре.

Өздеріне ұпай жинау үшін жылады: Назарбаев президенттіктен кеткенде жылаған шенеуніктер сынға қалды

Түсіндіңіз ғой. Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін тапсырған  20 наурыз саясаткерлер жылаған күн ретінде тарихта қалатын шығар сірә. Аптадан аса уақыт өтсе де ағайынның талқысында. Енді солар жайлы қозғасақ, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Расында да біраз уақыт болды, шын жылады ма, саясат үшін істеді ме деген дау басылар емес. Ол, ол ма?! Бекболат Тілеухан мен Азат Перуашевтің бір сәт, сезімге ерік беріп, жылап қалған сәтін, карикатураға айналдырып та жіберіпті желідегі жұрт. 

Депутаттар да жылайды. Әлде депутат жылаған күн дейміз бе? 

Президент кеттім дегенде жұртымыздың осылай теңселіп кеткені бар. Сол кеште кім жыламады дейсіз, үлкенен балаға дейін, "аталады" емес пе?! 

Елбасы өкілеттігін тапсырып жатқанда, жылап қоя берген депутаттар да... көп демейік, бірақ болды. Мысалға, Бекболат ағамыздың қайта-қайта қолын көзіне апарғанын көрдік.

Осы бір үлкен оқиғаны тәпсірлемекке журналистер алдына Азат Перуашев шықты ғой. Сабазың ерінін жыбырлатайын десе көзі «сөйлеп» қоя берді емес пе?!

Депутаттың бір сәт көңілі босап қоя бергенін, желідегі желіккендер мазаққа айналдырып мәз. Ерінбегендері әжуа сурет салып, әуре.
Ең сорақысы, «мұны саясат үшін жасады». «Өтірік, ұпай үшін жылаған болды» деп соғып жатқандар бар. Құдды жүрегіндегісін көріп қойғандай. Айтпақшы жүректегіні  ...

«Тек қана Аллаһ Тағала біледі. Кезінде, пайғамбарымызға бір кісі ол өтірік айтты. Мұсылманмын деп айта салды,-дегенде пайғамбарымыз ашуланып: Сен қайдан білесің оны? Оның жүрегіне кіріп көрдің бе,-деген. Көрдіңіз бе? Біз адамдардың жүрегіне кіріп көре алмаймыз. Оны Алла мен сол адамның жүрегі ғана біледі», - дейді ҚМДБ ресми өкілі Ағабек Қонарбайұлы.

Бес сəби шетінегенде жыламаған сорлылар, енді жылай қапты да деген пікірлерді де көзіміз көрді ғой. Кім біледі, жылаған да шығар? Сосын, жылаған сəтінің бəрін жұртқа көрсетуге міндетті ме бұлар? Айтпақшы, бұл жылауды  сонау солтүстік көрейдегі жылаумен паралель іздеп жатқандар бар. Ақын Біржан бүй дейді. 

«Бір 15 жыл бірге істескен басшылары жұмыстан кетіп жатқанда, көзінен жас алғандар бар. Бұл енді ел. Үлкен мүдделер бар. Сондықтан бұл жердегі азаматтарымыздың көзіне жас алуын ешқандай елмен, ешқандай саяси ойындармен салыстыра алмайды екем. Біздікі қазақи дархандық, жомарттық, патшаға деген құрмет, содан шыққан тамшы жас қана деп білем», - деді ақын Біржан  Байтуов.

Кез-келген адамның ішкі эмоциясын білдіруге, жылауға хақы бар. Онда шаруаларың болмасын дейді ғой. Бұл жылау ұпай үшін емес, бұл жылау қазақы дархандық дейді ақын. Бірақ, осы қазақы қимастықты  батыс елдеріне түсіндіре алмайсың. Енді ше? Ақжол партиясы Нұр Отанға оппонент. Енді сол қарсы партияның серкесі саяси қарсыласын қимай жылауы  ертеңгі сайлауда өздеріне шоқпар болып тиеді дейді сарапшы журналист Есболат Айдабосын. 

«Ертең сайлау келе жатыр. Халық айтады: Сол Ақжол партиясы барады да, Нұр Отанға емес, бізге дауыс беріңдер дейді. Біздің саяси платформамыз мынадай, біз мынадай-мынадай жұмыстарды атқарамыз дейді. Сол кезде халық айтпай ма? Әй сенің серкең кеше, Нұр Отанның басшысын қимай жылап жатыр ғой. Бұларың не? Сендер өзі Нұр Отанның қолтығындағы партия емессіңдер дейді. Бір ғана тұлғаның сондай бір, әлсіз әрекет жасағаны, бүкіл партияның абырой беделіне нұқсан келтіреді. Бұл Перуашевтің ғана рейтингі емес, Ақ Жол партиясының рейтингіне әсер етеді деп ойлаймын», - дейді Есболат Айдабосын.  

Сосын, сарапшы  Бекболаттың көз бұлауы мен Азаттың жылауын бір қалыпқа салуға болмайды дейді. 

«Бекболат Тілеухан НұрОтан партиясының мүшесі. Оның көзіне жас алып, көңіл толқынысын білдірмек былай тұрсын, мінберге шығып, саясатта қалыңыз, билікте қалыңыз деп өтініш айтса немесе НұрОтанның мүшелері хормен жыласа да, мен ештеңе демес ем. Түсінер ем. Олар өздерінің серкесі биліктен кетіп жатыр. Лидері кетіп жатыр. Олар бір партияның мүшесі. Ал басқа партияның лидері  Азат Перуашевтің осыншалықты әрекетке баруы  маған күлкілі көрінді», - дейді сарапшы, журналист Есболат Айдайбосын.  
Саясат мынау футбол сияқты. Екі топ бір-біріне қарсы ойнауы керек. Қарсылас команданың мықты капитаны кеткеніне жылау  футболшыға қалай жараспаса, саясаткерге де тура сондай, дейді ғой сарапшы. Ал, саясаттанушы Дос Көшім, бәлки Азат қуаныштан жылаған шығар, - деген қызық-кекесін ой айтып қалды.

"Кімнің не үшін жылағанын айту қиын. Біз тек болжамды айтамыз да. Мүмкін, Азат Перуашев ініміз қуаныштан да жылаған шығар? Адам қуанғаннан да көзінен жас шығады дейді ғой. Жаңағыдай өзінің партияның даму мүмкіншілігі бар екеніне, өзіне бәсекелес Нұр Отанның әлсіреп қалғанына қуанып жылауы да әбден мүмкін деп ойлаймын", - деді саясаттанушы Дос Көшім. 

Бір білетініміз Обаманың да жылағанын көргенбіз, басқа саясаткерлердің де көзін бұлағанын білеміз. Бұл шетел ғой. Ал бізде ше? Қазақ саясаткерін эмоция қысса, көзін сығып-сығып алуына рұқсат па, жоқ па? Бұл енді басы ашық мәселе.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау