«Өздерің жөндеп алыңдар»: Ақтөбеде апатты үйдің тұрғындары шенеуніктерден сөз естіп қалды

Ақтөбеде мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған тұрғын үйдің тұрғындары шағымын айтты. Он жыл бұрын салынған үйдің төбесі қақырап құлағалы тұр. Апатты үйдің тұрғындары жергілікті әкімдік пен құтқарушыларға жүгінгенімен, еш нәтиже болмапты, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz.

«Өздерің жөндеп алыңдар»: Ақтөбеде апатты үйдің тұрғындары шенеуніктерден сөз естіп қалдыАқтөбе қаласының орталығындағы тұрғын үйдің төбесіндегі плиталар қақырап, техникалық қабаттың қабырғалары жарылуда. Тұрғындар тас жабын опырылып түсе ме деп қорқып, ағашпен тіреп қойып амалдап отыр. Алайда ол опырылған жағдайда жоғары қабатта орналасқан пәтерлердің күл-талқаны шығады , деп қорқады тұрғындар. Олар өз мәселелерін айтып жергілікті әкімдікке де, құтқарушыларға да барыпты. Алайда шенеуніктер өз қалталарыңнан ақша шығар, қайта жамаңдар, депті.

«Кім өлгісі келеді? Бүгін ертең басып қалады. Түнде басып қалса ұйықтап жатып өліп қаламыз. Ал күндіз жүргенде кішкентай бала-шаға бар, қырылып қалады», - дейді тұрғындардың бірі Елеусіз Мұханов.

Тұрғындарды үрейлендіріп отырған апатты үй осыдан 10 жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғызылған. Үйдің құрылысын қандай компания жүргізгені ешкімнің есінде жоқ. Сондай-ақ, олардың кепіл мерзімі де аяқталыпты. Ал әкімдіктегілер тұрғындардың жайын естісе де, алаңсыз.

 «Аккредитациядан өткен мекемелер арқылы техникалық тексеру жүргізуді жоспарлап отырмыз. Олар төбенің қаншалықты қауіп төндіріп тұрғанын анықтайды», - дейді қалалық ТҮҚ бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Рамазанов.

Әзірге тексерістің қашан жүргізілетіні белгісіз болып отыр. Егер тексеріс нәтижесі қауіп жоқ деген шешім шығарса, тұрғындарға көпқабатты үйдің жөндеу жұмыстарына ақшаны өз қалтасынан шығаруға тура келеді.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр