Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өзбекәлі Жәнібек аяққа тұрғызған музей төбесі шұрық тесік “қораға” айналған

Мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібектің тікелей атсалысуымен бой көтерген Арқалықтағы «Дала өлкесі тарихы» музейінің бүгінгі халі өте мүшкіл. Үш қабатты ғимараттың төбесі шұрық тесік, есік-терезесі жамау.

144

Бұл туралы Қостанай Таңы жазды.

Күн бұлттанып, ауа райы бұзылса мұндағы қызметкерлерден де маза қашады. Өйткені, құнды жәдігерлерді дымқылдан аман сақтап қалу қиынның қиыны. Сондықтан, аса құнды экспонаттардың бірқатары ауылдағы тұрғындардың үйінде, тіпті, кейбірі қорасында жатқан көрінеді.

Бабалар мұрасына немқұрайлы қараған жергілікті билік өкілдерінің бар сылтауы біреу ғана – қаражаттың тапшылығы. 30 жылдан бері Арқалық әкімдігі бір ғана ғимаратты жөндеуге ақша таппапты.

Музей үш қабатты үйге орналасқан. Жалпы аумағы 1365 шаршы метр. Он бір көрініс залы бар. Келушілер осы өңірдің тарихы мен мәдениетін, экономикасын сипаттайтын археологиялық коллекциялармен, табиғаты, жан-жануарлары, басқа да өлке тарихын баяндайтын құнды деректермен таныса алады.

“Музей ғимараты сонау 1987 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Жыл сайын жамап-жасқағанымыздан нәтиже шығар емес. Жылу жүйесінің де тозығы жеткен. Қыста +7, +9 градусқа түсіп кетеді. Жаз күндері керісінше қажетті мөлшер +18,+25 болса ол +35 ке дейін шарықтайды. Салдарынан, көріністе тұрған мүсіншелердің майы бетіне шығып, ыстыққа шыдамай құлап қалады”, – дейді облыстық “Дала өлкесі тарихы” музейінің директоры Гүлбану Елтебаева.

155

“Жәдігерлердің санын ұлғайтуға шектеу қойдық. Музейде бос орын жетіспейді. Небәрі 43 шаршы метр. Қордағы мүліктердің орналасу тығыздығынан олардың сапалы сақталуы да алаңдатушылық туғызады. Мемлекеттік атестациялық және ревизиялық комиссияның анықтамасында қорға қажетті орынның талапқа сай еместігі жазылған. Музейде кемінде 200-300 шаршы метр орынжай қажет. Тарихи құнды заттар елдің қолында жетерлік. Оны дер кезінде сақтап қалмасақ түп-тұқиянымен жойылып кетеді. Мысалы, 1950 жылы жасалып шығарылған этажерка орын болмағандықтан музейдің баспалдақтар дәлізінде тұр. Ахмет аталарымыздың заманындағы мүліктерді біреулер сарайларына шығарып тастаған. Оларға бұлай неге жасадың дей алмаймыз. Өзімізге алайық десек орын жоқ. Музей ғимаратының нақ артында бір қабатты нысан бар. Оны облыс жабылғанда өзге мекеменің құзырына қаратып жіберген. Егер, осы нысанды өзімізге қайтарып берсе қор сақтаудағы мәселелеріміз әжептәуір жеңілдеп қалар еді”, – деп қосып өтті Гүлбану Елтебаева.

177

“Музейдің мүшкіл халін жеткізгіміз келеді. Қазіргі таңда ауа райының жауын-шашынды күндері экспонаттардың үстінен тамшы ағып жатыр. Шарамыз таусылғасын облыстық мәдениет басқармасына жағдайды баяндап хат жазып, суреттер мен бейнебаянды да қоса жолдадық. Нәтиже болады ғой деген ойдамыз”, – деді музей директорының орынбасары Зәмзәгүл Мергенова.

“Музейде істегеніме жиырма жыл болды. Осы уақыт ішінде қысы-жазы қиындықтың куәсі болып келемін. Киіз үй мен көрік тұрған лашықтың үстінен су аққанда жыларман халге жеттік. Тайлы-таяғымызбен жабылып, музей мүлкін сақтап қалуға күшімізді салдық. Жыл сайын жөндеу болады деп үміттеніп күтеміз. Жарқырап тұрса екен дейміз. Бірақ, ол тек үміт болып қана келе жатыр. Төбені жөндейді. Алайда, нәтижесесі болмайды. Музейдің ішкі атмосферасы талапқа сай келе бермейді. Мысалы, демікпемен ауыратын, алергиясы бар адамдар болады. Жаз болмай жағдайымыз қиын. Өйткені, ылғал толық кеппейді. Жұрт көктен жаңбыр тілейді. Ал, біз болсақ өкінішке қарай тілемейміз”, – деп ренішін білдірді музейдің бас қор сақтаушысы Рая Хасенова.

Музей қызметкерлер жауынмен жаумен шайқасқандай арпалысуда. Жәдігерлердің үстіне су өткізбейтін жабынды жауып, қолға түскен ыдыс-аяқтың бәрін тамшының астына қойып тыным таппайды. Тіпті, музейде тұрған құнды жәдігер тайқазанның өзін кәдеге жаратуға тура келіпті. Алайда тілсіз жау өз дегенін жасап та үлгерген. Төбе, қабырғалар суланып, сылақтары қопсып түсіп жатыр. Су болған киіз үйдің туырлықтарын кептіру үшін, жылы ауа айдағыш пен қысқа толқынды пеш қосуға тура келген.

166

Жауын — шашынды күні музейге халық кіргізілмейді. Электр желісі тұйықталып, апатты жағдай орын алуы мүмкін. Қызметкерлер электр жарығын қолдарына қолғап киіп қосатын болыпты. Әрине, бұл да қарапайым сақтық шараларының бір түрі болғанымен, су тиген желілердің кез келген уақытта бұрқ ете қалмасына ешкім де кепіл бола алмайды.

“Дала өлкесі тарихы” облыстық музейі Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің №88-р Жарлығымен 1972 жылдың 4 ақпанында құрылды. Халық батыры А. Имановтың туғанына 100 жыл толуына орай, 1973 жылдың 28 шілдесінде алғашқы көрермендерін қабылдаған. Музейдің негізін қалап, қалыптасуына мол еңбек сіңірген мәдениет пен өнердің жанашыры, ұлтжанды азамат Өзбекәлі Жәнібеков, сол кездегі облыс басшылары Сақан Құсайынов, Юрий Трофимов және Айдархан Сәрсенов секілді біртуар азаматтар еді. Музейдің ашылу салтанатына Республика басшысы Д.А.Қонаев қатысқан. Сондай заңғарлардың қолымен ұлт болашағы үшін тірнектеп жиналған құндылықтарымыз ешкімге керек болмай қалған сияқты.

Талқылау