Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өтебай Тұрманжановтың тәрбиелік мәні зор өлеңдері

Stan.kz ақпараттық агенттігі балалар әдебиетінің классигі Өтебай Тұрманжановтың тәрбиелік мәні зор шығармаларын ұсынады.

Балалар жазушысы Өтебай Тұрманжановтың өмірбаяны

Өтебай Тұрманжановтың шығармашылық жолын шолып қарасақ, ол балалар жазушысы бола тұра қазақ ауыз әдебиетінің мұраларын жинап, құрастырырып, оны өңдеп, насихаттаушы ретінде де үлкен іс тындырды. Оның ішінде ауыз әдебиетінің інжу-маржаны мақал-мәтелдерді жинап, басып шығарып, қазақ әдебиетінінің өшпес асыл мұрасын кейінгі ұрпаққа қалдырып кетті. Ол балалар жазушысы ретінде де тынбай еңбек етіп, жас ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған ертегі, мысалдар мен танымдық, маңызы зор өлеңдер жазды.

Мысалы, ақынның нан туралы балладасы балаларды астықты, қасиетті тағам нанды қадірлеуге тәрбиелейді. Жазушы осы өлеңі арқылы тек балаларды ғана емес, бүкіл халықты нанды қастерлеуге шақырады. Еңбекпен табылған ырысты талан-таражға салмай аяққа баспауды, ысырап қылмауды, нанның қоқымын көздің қарашығындай сақтап, қадірлеуге үйретеді.

Төлеужановтың қай шығармасын алып қарасақ та оның тәрбиелік мәні зор. Баланы ерте жастан тәрбиелеу керектігін білген ақын кішкентай оқырмандарға арнап терең ойлы нақыл сөздерден тұратын шығармалар жазды. Тұрманжанов еңбекқор адамды құрметтеумен қатар өз өміріне, жалпы бұл дүниеге бейжай қарайтын жалқаулардың әрекетін әшкерелеп, күлкі ету арқылы жас ұрпаққа үлкен тәрбие берді. Ол шығармалары арқылы балаларды еңбекке баулыды, Отанын, табиғатты сүюге, білім алуға шақырды.

Нан туралы баллада

Жарты нан жатыр қоқсық арасында,
Көргенде көзің сыймас шарасына.
Қоқсыққа нанда тастау қолы барып,
Адамның лайық па екен баласына?!

«Обал!» деп жаны ешкімнің ашымаған,
Қорлаған өзі жейтін асын адам!
Үстіне кір-қиқымды тағы төккен,
«Ойбай-ау!» қор болып жатыр асыл тағам!

Ол аз деп, табанымен жаншып басқан,
(Түспей тұр неге дерсің жерге аспан?!)
Тік тұрып төбе шашым, денем мұздап
Именіп, зәрем ұшты, әулие астан!

Жүз жылан жүрегімді шаққандай-ақ!
Улы өзен омырауымнан аққандай-ақ.
Ыстық тер маңдайымнан шып етті бір,
Арылмас зор күнәға батқандай-ақ…

Осынау аштық кезде, өткендегі,
Бір сурет көз алдыма келе берді.
Жас бала «нан берші!» деп жылап отыр,
Құшақтап ана жатыр қара жерді…

Жәутеңдеп бала маған қарай берді,
Кезерген құрғақ ернін жалай берді.
«Нан ал» деген апамның алқасын ал,
Нан берші бір жапырақ, атай» деді…

Бар еді қойнымда бір күлше наным,
Тұрғандай сол күлшеде менің жаным!
Біреуін мұнан бұрын үнемдеп жеп,
Атқызғам әлденеше өмір таңын.

Балаға бір сындырып берейін деп
Көзіммен қуанғанын көрейін деп,
Баласы үшін жан берген ана алдында
Адамшылық қарызын төлейін деп:

«Өзімдікі» бір өзім жеңейін деп,
Өзімді нар кісіне теңейін деп.
Өзін сүйген, өзінен артылмаған
Өзімшіл өгіздерді шенейін деп.

Қойныма қолып салып, нанымды алып,
«Сен нансың қалатын, – деп, – жанымды алып.
«Өлімнен ұят күшті!» дейді халық.
Бірақ сен қала алмассың арымды алып.

Сенетін сенен басқа тамағым жоқ!
Сен таусылсаң, өлемін амалым жоқ.
Мен-дағы келіп тұрмын тар кезеңге,
Шалықтар сақылық қып, заманым жоқ!,,»

Нанымды ұстап көп тұрдым сындыра алмай,
Әлгі айтқан уәдемді тындыра алмай.
Бала нанды көзімен жеп барады,
Аштық сорған жүрегін сұм жыландай…

Ананың бұл балапан – балдырғаны,
Қарайтын артына оның қалдырғаны.
Ілініп тырнағының ұшында тұр
Аяусыз аштық қысқан әлсіз жаны.

Елжіреп іші-баурым кеттім аяп,
Балаға мейірім түсіп бардым таяп.
Жас өлгенше, жасаған, мен өлейін,
Барымды берейін деп аямай-ақ.

Нақ осы кез істедім ісін ердің,
Балаға бар күлшемді тұтас бердім.
Қолына алып, тістеген аш баланың
Жас аралас көзіңде күлкі көрдім.

Тұрғандай бүкіл дүние нанға қарап!..
Тамақ па, ойлаңдаршы, нансыз тамақ ?!
Нан жемесең, жұмсарып, терің кеңіп,
Күлімдеп ашылған ба, сірә қабақ?!

Халқымыз дейді өзі: «нан әулие»,
Нан болмаса, жарылқар қай әулие?!
Тоқтышылықты тепкілеп, нанды қорлап,
Бетімізге жақпайық майлы күйе!..

Кел, балалар, күлейік!

Кел, балалар, күлейік!
Күлкіменен түлейік!
Қабақ түйген не керек?
Көңілді боп жүрейік.

Кел, балалар, күлейік!
Күлкіменен түлейік!
Күлкі көңіл ашады,
Күліп өмір сүрейік.

Кел, балалар, күлейік!
Күлкіменен түлейік!
Күлкімізді күн қылып,
Гүл өссін деп тілейік.

Мен тәртіпті баламын
Моншадан келгенде
Суық суды ішпеймін.
Шалшық суды көргенде
Бәтеңкемен кешпеймін.
Тұрысымен төсектен
Сұрамаймын нанды да.
Үйге қонақ келгенде
Көп мазаламаймын да.
Мен тілалғыш баламын,
Мен тәртіпті боламын.

Туған өлкем

Туған өлкем
Көгінде күн нұрын төккен,
Жерінде гүл жұпар сепкен.
Неткен сұлу, неткен көркем!
Осы менің туған өлкем!
Алтын дәнді даласы бар,
Ақ күмістей қаласы бар.
Неткен сұлу, неткен көркем!
Осы менің туған өлкем!
Түлігі өскен алуан – алуан,
Төс, алқабы малға толған.
Неткен сұлу, неткен көркем!
Осы менің туған өлкем!
Ер еңбегі шалқып, тасқан,
Ел еркіндеп бақыт тапқан.
Неткен сұлу, неткен көркем!
Осы менің туған өлкем!

Тікен – гүлін қорғайды
Терек – бүрін қорғайды,
Тікен – гүлін қорғайды,
Ара – балын қорғайды,
Құлан – қағын қорғайды,
Киік – лағын қорғайды,
Шағала – көлін қорғайды,
Шопан – төлін қорғайды,
Егінші – жерін қорғайды,
Ер жігіт – елін қорғайды.

Көктем келді гүл алып

Балалар – ау, балалар!
Шақырады далалар.
Көктем келді гүл алып,
Құстар келді жыр алып.
Қос білекті сыбанып,
Жүгірейік қуанып.
Қыр басына шығайық,
Көктем тілін ұғайық.
Қызғалдақты терейік,
Теріп үйге келейік.
Көбелектей киінген,
Гүлді көріп сүйінген,
Алақайлап жүгірген,
Қып – қызыл бет – бүлдірген,
Қарындасқа қаршадай,
Жас балапан аршадай,
Гүлдің шоғын берейік,
Қуанғанын көрейік.

Кітапты сүй, балалар!

Қітабың болса қолыңда
Жалғызбын деп қынжылма,
Жолдасың бірге жолыңда
Айнымас дос мың жылға.
Кітапта адам өзіңдей
Сөйлесер бірге сөзіңді,
Отырып бірақ сезілмей
Әкетер билеп өзіңді.
Әңгіме айтар, сыр шертер,
Әдепті досың ақылды,
Ұстаз боп өнер үйретер,
Таппассың онан жақынды,
Мінезің болса оғаш, тік,
Ептеп мінеп сездірер,
Жақсыменен жақын қып
Жаманнан мүлдем бездірер.
Қітапты сүй, балалар!
Қітаппен дос бол жасыңнан,
Білім боп бойға таралар
Ықыласпен оқысаң.

Жыртық кітап жылады

Әр беті сатпақ, сатпақ,
Сірескен шимай-шатпақ.
Алма-жұлма жыртық кітап,
Өзіне қарап: жадап, жұтап;
Ашу қысып, ызаланып,
Иесіне бұрылып, назаланып:
— Ей, оқушы балам!— деді,
Қарашы өзің маған!—деді.
Жап-жаңа сүйкімді кітап едім,
Білім бұлағы саған,— деді.
Бірінші тоқсанға жетпей,
Азырақ сыйлап, құрмет етпей,
Белшеден кірге батырдың.
Қолға алғысыз болып жатырмын.
Мұқабамды мылжа-мылжа қып жырттың,
Беттеріме білеулеп қолыңды сүрттің.
Қаламыңмен тесіп, түртіп
Шұрқ тесігімді шығардың,
Бұл қорлыққа қалай шыдармын?
Саған қызмет етуден басқа ниетім жоқ,
Бірақ жұртқа қарар бетім жоқ.
Ойланшы өзің, балам!
Не жазығым бар саған?— деп,
Ызалы, жыртық кітап жылады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау