Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елінен қашқан Ауғанстан азаматтары Жамбылда қалғылары келеді

Отанынан қашып, тыныштық іздеген Ауғанстанның 10 азаматы Жамбыл облысынан ешқайда шыға алмай жатыр. Олар жарты жыл бұрын шекараны заңсыз кесіп өткені үшін ұсталған. Кейіннен арасындағы 6 ересек 6 айға шартты түрде сотталыпты. Яғни жаза өтелгенше Меркі ауданынан шықпауы тиіс. Ал ақшалары таусылған шетелдіктер енді қалай күн көрерін білмей дал, – деп хабарлайды ктк арнасы.

Снимок экрана (97)

Алты ауғандық бала-шағасымен екі айдан бері Меркідегі балалар лагерін паналауда. Өз еліндегі атыс-шабыстан ығыры шыққан олар 6 ай бұрын бас сауғалап, Ресей аспақ болған екен. Сөйтіп, тәжік әйел 20 мың долларға діттеген жерге жеткізуге сөз беріпті. Тәжікстан, Қырғызстан, тіпті Қазақстан шекарасынан кедергісіз өткен шетелдіктер Петропавлда ұсталған.

«Бізді алып жүрген әйел Петропавлдан Ресейге өту үшін бір қазақ келіншекпен тапсырды. Оған тағы 120 мың рубль бердік. Ол бәрімізді бір пәтерге жайғастырған. Сол жерден тәртіп сақшылары көріп қалды», – дейді Ауғанстан азаматы Вахидулла Сафари.

Ақыры полицейлер Ауған азаматтарын Жамбыл облысына жіберуге мәжбүр болған. Вахидулланың айтуынша, алаяқ әйел жергілікті полицейлерге ұсталған. Алайда ол ешкімді көрмедім, білмедім деп өзіне шаң жуытпаса керек. Ақырында алты ересек Меркідегі шекарадан заңсыз өткені үшін жарты жылға шартты түрде сотталды. Жаза өтелгенше осында болып, артынша депортацияланады. Бірақ ауғандықтардың кері қайтқысы жоқ.

«Біз жақта күнде жарылыс, өмір сүру қауіпті. Әке-шеше, тума-туыстың бәрі қаза тапты. Дүние мүліктің бәрін сатып кеттік. Егер бізді босқын деп таныса осында қалғымыз келеді», – дейді Ауғанстан азаматы Мансұр Хамаятурла.

Ал бұларды шекарадан өткізген 47 жастағы Ресей азаматы мен 29 жастағы қазақстандық анықталған. Енді оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

«Әзірге тек екі адамның аты-жөні белгілі. Қазір олардың бұл заңсыздықты қалай жасағандары тексерілуде. Ал Ауғанстан азаматтарына босқын мәртебесін беру мәселесі жазасын өтегеннен кейін ғана қаралады», – дейді Жамбыл облыстық ІІД баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.

Осында екі айдан бері жатқан шетелдіктер жиып-терген ақшаларын түгел жаратып қойыпты. Бүгін соңғы екі мың теңгесіне азық-түлік әкелген олар, алдағы күндеріне алаңдаулы. Ал, ертең лагерь басшысы нысанды босатып берулерін сұраған. Бұл жығылған үстіне жұдырық болғалы тұр.

Талқылау