Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Отанымды сатпаймын: Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы халықтан көмек сұрауға мәжбүр

Қазақстандық мәнерлер сырғанаушы Гүлжан Жұмаділова конькиін жаңарту үшін көпшіліктен көмек сұрауға мәжбүр. Оған Мәскеуде жаттығып жүрген бойжеткеннің қаржылық қиындықтары себеп болған. Сонымен қатар ол арнайы киім мен бапкерге төлейтін ақшасы жоқ екенін де жасырмады, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz.

Отанымды сатпаймын: Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы халықтан көмек сұрауға мәжбүр

Бүгінде жұптық мәнерлеп сырғанауға ауысқан бойжеткен Мәскеуде жаттығып жүр. Қаржыдан қиналған спортшының сөзінше, оған ресейлік демеушілер ниет білдіріп отыр. Алайда отанымды ешқашан сатпаймын, деген Гүлжан көпшіліктен көмек сұрайды. Оның сөзін әкесі Бақытжан Орманбеков те қуаттап отыр.

«Көлікті сатуға тура келді. Қымбат емес, арзанырақ сатып жібердік.  Тезірек Мәскеуге жүру керек болды ғой», – дейді Гүлжанның әкесі.

Елінің атын шығаруды аңсаған Гүлжан Жұмаділоваға коньки мен киім сатып алып, бапкер мен мұз айдынына төлеу үшін 825 мың теңге қажет. Мұндай ақшаы қалтасы көтермеген қарапайым отбасы Гүлжан Мәскеуге аттанардың алдында құзырлы мекемелерге көмек сұрап барған. Алайда олар теріс айналыпты.

«Әкімдікке  бір ай бұрын жаздық. 15 күн күтіңдер деді. 15 күннен кейін қаржы жоқ деген жауап келді», – дейді спортшының әкесі.

Ал Гүлжан оқитын мамандандырылған мектеп-интернатының басшылығындағылар оның болашағынан үміт күттіретін спортшы екенін айтып отыр. Бойжеткен еліміздегі жасөспірімдер арасындағы біріншілікте жеңіске жетіп, Қазақстан кубогін иеленген екен.

«Үкімет тарапынан, Алматы қалалық спорт және дене шынықтыру  басқармасының атынан, мектеп атынан әрине көмек беріледі. Бірақ, қаражат бойынша Қазақстанда ғана өтетін жарыстарға жіберуге құқылымыз», – дейді мамандандырылған мектеп-интернатының директоры Қанат Жолдықараев.

Ал мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құраманың бас бапкері Құралай Үзірованың сөзінше, көпшіліктен көмек сұраған мәнерлеп сырғанаушы туралы кей ақпарат дұрыс жетпепті.

Еліміздегі олимпиадалық дайындау орталығы биылғы жылдың жазында спортшыларға қажетті киім үшін қаржы бөлген. Ол Гүлжан Жұмаділоваға да беріліпті. Ендігі спортшыға жұптық өнер көрсетуге және билеуге арналған коньки қажет.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау