Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мақпал Жүнісова әншілердің жалаңаштануына отандық арнаны кінәлады

Бүгінде бір клипте екі жігітпен қатар аймаласқан Кәмшат Жолдыбаеваның жаңа бейнебаянына айтылған сындардың санында шек болмай тұр. Көзге оғаштау көрінетін кадрлармен қаралым жинауды әдетке айналдырғандарға Мақпал Жүнісованың айтары бар. Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне сұхбат берген Халық әртісі, мұндай видеолардың жиі жарыққа шығуына «Гәкку» телеарнасының солақай саясаты себепкер дейді.

Отандық жұлдыздар жалаңаш әншілерді насихаттайтын телеарнаның жымысқы саясаты туралы айтты

«Бұған «Гәкку» телеарнасы кінәлі. Өңкей тыр жалаңаш қыздардың барлығын солар шешіндіріп, солар өздері шешіндіріп түсіреді. Содан кейін халыққа солай көрсетеді. Мүмкін оған әншілердің өздері де кінәлі емес шығар. Соның маңайында жүрген продюсерлер оңбайды. Солай сондай ақыл-кеңес береді. «Сен қазір шешінсең, халыққа өтесің» – деп, сондай кеңес береді. Әйтпесе тап-тамаша қыздар. Сондықтан қыздар продюсерді тыңдай бермеу керек. Сондай клипті түсіріп, көрсетіп жатқан телеарналар оңбайды. Кәмшатты жақсы білемін. Сәлеміміз дұрыс», – дейді Мақпал Жүнісова.

Бұрындары достығы жарасқан Кәмшат Жолдыбаева мен Серік Ибрагимовтің қазір қарым-қатынасы мәз емес. Тек сәлемдері түзу! Біздің елдегі музыкалық арналардағы құйтырқы әрекеттерден Серік Ибрагимовте хабардар екен.Әнші жігіт анайы образдағы клиптерге қарсы екенін айтады.

«Мен ондай клип мүлдем түсірмеймін. Кез-келген телеарна алса да, алмаса да ондай клиптерді түсірмеймін. Маған телеарналардың алуы маңызды емес. Өзімнің тыңдармандарым қарапайым халық. Солар тыңдаса жеткілікті. Сосын «той» мен «шоу» клиптерді бөлгенін де қаламаймын. Тойға келіп шоу көрсетіп кет, болды ғой. Сол жерге келген қарапайым халық бағаңды береді. Алдағы уақытта да қара-пиар үшін ұятсыз клиптерді мүлдем түсірмеймін. Ашық-шашық клиптер біздің менталитетке сай нәрсе емес қой. Ұлты қазақ болғанымен, өзінің қазақ екенін ұмытып қалғандар бұл өнер ғой, менталитет деп ауылға барамыз ба деп айтуы мүмкін. Ондайдарға айтар жауабым бар менің. Олар өзінің кім екенін толық білмейтін адамдар да. Олар өзін толық білсе, мұндай қадамдарға бармайтын еді. Құдайдан қорықпайтын адамдар осындай нәрселерді істей береді ғой», – дейді Серік Ибрагимов.

Отандық шоу-бизнесте белең алған бұл үрдіске Нұржан Керменбаев та қатты қапалы. Алайда, ашық-шашық кейіптерімен көзге түскен әріптестері мен телеарнаның қулығының қара бала ұзаққа созылмайтынына сенімді.

«Барлығы әріптестерім ғой. Бұған қалай қарасам да мен біріншіден тоқтата алмаймын. Екіншіден өкінішіке орай, оған көз үйреніп қалды. Осындай тақырыптар өзекті болып тұр. Бірақ бәрі уақытша деп ойлаймын. Өнердің шыңына шығатындар күте біледі, ондай нәрселерді жасамай-ақ бағындыра алады. Ол бізге батыстан келген. Ол жақта көз үйреншікті. Қанша ашық-шашық болса, соншалықты өтімді. Ол біздің елге вирус ретінде өтіп кетті. Бірақ антивирустар бар ғой. Қазақша әнді дәріптейтін. Есті дүние ешқашан өшпейді. Сондықтан мұндай клиптер уақытша деп ойлаймын. Шынайы өнер – ешқандай хайпсыз өз бағасын алады», – дейді Нұржан Керменбаев.

Айта кетейік, таяуда Нұрболат Абдуллиннің де ұятсыз кадрларға толы клипін «Жігіттер» тобының әншілері қатаң сынға алған болатын. Әзірге хитменнің тарапынан өнердегі ағаларына ешбір жауап болған жоқ!

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Талқылау