Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өскеменде жойқын жарылыс болып, тұтас ауылдың үйлері шайқалып әйнектері сынды

Өскеменнің іргесінде жойқын жарылыс болды. Тіпті оның толқынынан маңайдағы тұтас бір кенттің үйлері шайқалып, әйнектері сынған. Жұрт басында жер сілкінді деп абдырап қалыпты. Сөйтсе, жарылыс тас карьерінен жеткен көрінеді.

Өскемен

Бұл туралы ктк арнасы хабарлайды.

Алаңсыз жұмыс істеп отырған аудандық газет редакциясының тілшілері кенеттен болған жарылыстан есеңгіреп қалдық дейді. Қатты жарылыс Қасым Қайсенов кентіндегі бірнеше үй мен дүкендердің терезесін сындырған. Тауарларына алаңдаған сатушылар үйлеріне кетпей, 30 градус аязда түні бойы дүниелерін күзетіп шығыпты. Олар бар бәле жақын маңдағы карьерден келді деп отыр.

«Шошып, ұқпай қалдық не екенін?Далаға шықсақ, әйнегіміз сынып жатыр. Көрші дүкеннің әйнегі сынып жатыр.2008 жылы да солай болған»,-дейді Өскемен қаласының тұрғыны Рысхалық Смағұлова

Аталған кентте қиыршық тас өндіретін 4 карьер бар. Олардың бәрі оқта-текте осындай жарылыстар жасап тұрады. Қатты суықта тау бөктеріндегі ауа құрамында оттегі мен азот азаяды екен. Кешегі жарылыстың соншама күшті болғаны да осының салдары дейді мамандар. Олар да бар бәле тас жарушылардан келді деген болжамды теріске шығармайды.

«Зардап шеккен ғимараттарға келген шығынды санау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыстар аяқталғаннан кейін орын алған жағдайға кінәлі адамдардың алдына шығындарды өтеу туралы сұрақ қойылатын болады. Бұл сұрақ қатаң бақылауда»,-дейді Ұлан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Болатбек Мамырбаев

Қазір ауданда құрылған арнайы комиссия жарылыстың нақты себебін анықтауда. Егер ол шынымен де жұртты дүрліктірген жойқын жарылыс карьерде болса, қатты аязда оған рұқсат берген лауазым иелері де жазасыз қалмайды деп сендірді шенеуніктер.

Талқылау