Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Орталық Қазақстан қарлы боранның астында қалды

Қарағанды облысындағы жолдарда мыңға тарта көлік қозғала алмай, қар құрсауында тұр

колик каррр

Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Спасск елді мекенінің маңындағы асуларда 4 күннен бері тұралап қалған көліктерге кеше ғана көмек жетті. Оның өзінде жол жеңіл көліктерге ғана ашылған. Қарға адым жер көрінбейтін ақтүтекте тіпті Қарағандының ішінде де ондаған көлік бір мезетте соқтығысып қалды. Астана мен Ақмола облыстарында да жағдайын қиын. Мұнда да барлық бағытта жолдар жабылып, қозғалыс тоқтап тұр.

Жергілікті билік қар құрсауынлағыларға тіске басарды жеткіздік дегендерін мына атобустарда отырған жұрт естімеген де. Осы сәтті тек алыпсатарлар ғана ұтымды пайдаланған сыңайлы. Бір жапырақ нан мен етке әкесінің құнын сұраса да қар құрсауында қалғандар қалтасын қағуға мәжбүр.

«Кішкентай ғана шұжықты 1500 теңгеден алдық. Бір литр су мың теңге, бөлке нанды 800 теңгеден сатып жатыр. Аштан өлмес үшін амал жоқ аласың. Бірақ ақша да таусылайын деді»,дейді  Өзбекстан азаматы Акромжан Турсунов.

Тұралаған көліктердің ішінде 4 күннен бері нәр татпаған малды тиеп келе жатқандар да бар. Адам астан тарығып тырбанса, кісінескен екі үйір жылқы аш өзегіне түсіп бұралып тұр. Жағдай өзгермесе қырылары хақ. Жүргізушілер 2 асуы бар 5 шақырым жерді тазарта алмаған мамандарға өкпелі.

«Қар тиегіш өз бетімен, трактор болса басқа жақта жүреді. Немесе көліктерін қаңтарып қойып тұрып алады. Бұларды басқарып, жұмысты үйлестіріп жүрген басшылығын көрмедік. Алдымызға құм сеуіп жол ашып жүріп отырса, тұрмас едік қой», дейді  көлік жүргізушісі Геннадий Коваль.

Ал жол тазалаушылардың айтуынша, қолдан келгеннің барлығы жасалып жатыр. Сепкен құмның үстіне дем арада дымқыл қар түсіп, мұзға айналған..

«Қазавтожол» ММ жұмысшысы Николай Лапитанның айтуынша, кептелістің болуына көп жерде жүргізушілердің өзі себеп болатыны да бар екен. «Олар қарсы бағыттағы жолға шығады асығып. Содан өзінің бағытында қардың жиналуына жол ашады. Өзі де батып қалады. Осындай кедергілер көп. Бәріне жүгіреміз деп уақыт та өтіп жатыр», – дейді күйінген жолаушы.

Ақтүтек боран Астананы да әбігерге салып жатыр. Бораған қарда қозғалыс та қиындап, арнайы техника да қарды күреп үлгере алар емес. Қарға адым жердің көрінбеуі салдарынан жол апаттары да жиілеп кетті. Әсіресе, Қарағанды облысында көпірден түсіп келе жатқан тұста бірден 26 көлік соқтығысқан. Көз байлаған ақтүтекте болған апатта зардап шеккендер де жоқ емес. Ал синоптиктер орталық өңірде апта соңына дейін боранды болады деп отыр.

Қарағандының өзінде де бүгін боран күшіне мінді. Салдарынан Балқаш бағытына шығатын бекетте 200-ге тарта көлік қаңтарылып қалды. Сонымен қатар, облыстағы 7 ауданға баратын жолдар да жабылды. Ал қар құрсауында қалған жұрт тағам мен жанар-жағар май жетпесе күніміз қараң болады деп отыр.

 

Талқылау