Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оралдық шеберлер домбыраға қойдың ішегін пайдаланады

Оралда өз қолынан шыққан домбыра аспабына әдеттегі шекті емес, қойдың ішегін пайдаланатын шеберлер тұрады. Олар дүлділ күйші Құрманғазы атын иеленген саз колледжінің ұстаздары – Бақтыгерей Сүлейменов пен Асылан Серікбаев.

dombra4

Сурет: oreshinguitars.com 

Бұл туралы 24.kz хабарлайды.

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Ал оның табиғи қоңыр үні қазір тек күйтабақтарда ғана сақталып қалған. «Мақсатымыз – балбармақ күйшілерге сапалы аспап ұсынумен бірге осы бір баға жетпес қазынаны халқымызға қайтару», – дейді өздері. Бақтыгерей Сүлейменов уақытының көп бөлігін осы шағын шеберханада өткізеді. Бірақ, шағын деген аты ғана. Жасалатын жұмыстардың ауқымы мен мән-мазмұны терең. Ұмтыла бастаған өнерді ұлықтап жүрген шебер ұлттық саз аспаптарын жасауға ден қойған.

«Мақсатым – ғасырлар сырын бүгінге жалғаған киелі аспаптың қадір-қасиетін арттыру. Бірақ, бұл өте қиын іс. Талмас талап пен үздіксіз ізденіс болғанда ғана дүбірлі додаға түсер дүлділ домбыраны дүниеге әкелесің», – дейді өзі.

Саз аспабы болғаннан кейін үн шығуы керек қой. Кәдімгі қазақи, қоңыр, домбыраның өзіне тән, баяғыдан келе жатқан, соны іздейсің. Қанша шебер болсаң да, өмір бақи соны іздеп өтесің. Кейіпкеріміз кезінде консерватория шеберханасында тәжірибесін шыңдапты. Кейін өзі де ұсталыққа біржола бет бұрып, білгені мен түйгенін шәкірттеріне үйретті. Солардың бірі жас ұстаз Асылан Серікбаев осы колледжде дәріс береді. Қолынан қашауы түспейтін оны күмбірлеген қоңыр үнді қайтсем табамын деген ой жиі мазалайды. Қос ішектен шығар үннің шынайы әрі табиғи болуы бәрінен маңызды. Шебер-ұстаздың бұл саладағы ізденісі елең еткізерлік”, – дейді шебер Бақтыгерей Сүлейменов.

“Қойдың ішегінен арнайы жасалған шекте кішкене бір жабайылық үн болады. Табиғилығы жақсы. Сосын ескі таспалардағы, бұрынғы Дина шешеміздің тартқан күйлері, сондай дыбыстарды іздейміз ғой, кішкене соған ұқсас болса да, әрі қарай домбырасын шертіп кетеді. Жақсы домбыра жасау үшін ең алдымен сапалы ағаш керек”, – дейді Құрманғазы атындағы саз колледжінің сәндік қолданбалы өнер және дизайн бөлімінің оқытушысы Асылан Серікбаев.

«Мәселен, Ресей аумағындағы Орал тауларының баурайында өсетін биік шыршалардың жөні бөлек. Бірақ, ол қолға түсе бермейді», – дейді шеберлер. Әзірге олар түрлі саз аспаптарын негізінен шәмшат ағашынан жасап жүр.

Талқылау