Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оралда 70-ке жуық адам тұрып жатқан үйдің төбесі опырылып түскен

Оқиға таңғы 5-тер шамасында болған. Шатыр оңбай қирағаны соншалық, төбе тесіліп, қабырғалар қақ жарылып, құлаған. Үрейлері ұшқан тұрғындар дер кезінде полиция мен жедел жәрдем шақырған.

Абырой болғанда, ешкім жапа шеккен жоқ. Оқиға орнынан 44 адам эвакуацияланды.Олар үшін жылыну орталықтары мен заттарды таситын топтар құрылған. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Әбден ескіріп, тозығы жеткен мына барақта ересектерден гөрі балалар көп. Қабырғалары сызаттанып, жарылып тұрған жатақхана 1978 жылы соғылыпты. Содан бері бір рет те кәсіби жөндеу жүргізілмепті. Тұрғындар өздері қарманып, сырты мен ішіне жөндеу жұмыстарын жасаған. Алайда, осында тұратын зейнеткерлер мен бүлдіршіндердің өмірі үшін қорқамыз -дейді олар.

“Тұрғаныма 18 жыл болды осында келгеніме. Мында таңғы саға 5-те бергі жағы құлап, бір көршілер қайта ояу болған сол таңғы сағат 5-те. Сосын ары қарай оятып қалған көршілерді, 112-ге звондап осылай көмекке келді”, – дейді тұрғын.

Таң атпай қорқыныштан көздерін тырнап ашқан тұрғындарға бірден полиция мен дәрігерлер көмекке келіпті. Шыңылтыр аязда далада қалғандарға оқиға орнына келген әкім өзге жатақхананың кілтін үлестірген. оқиға болған жерде аяғы ауыр ана да болған. Зәресі ұшып, қан қысымы көтерілген ол ауруханаға барып қана есін жиыпты.

“Кейде жұмысқа таңғы 4-5-терде шақырып қалады. Ал, балаларым үйде ұйықтап жатады. Сол кезде не болады? Әкім сендердің жатақханаларыңа ешқандай қаражат бөлінбеген. Енді мемлекеттік қызметте ақша жинамай неғып жүрсіңдер деді. Үш баламды жалғызбасты болып әрең асырап жүргенде маған пәтер алу қайда?”, – дейді тұрғын.

Үйдің тұрғындары сөгіле бастаған қабырғалардың жайын айтып, әкімдікке талай барған. Алайда оларға көмектескен ешкім жоқ. Тіпті, әкімдіктегілер неге ақша жинамайсыңдар деп қуып шыққан.

“Мен қалың ұйқыда жатқан едім. Гүрсілдеген дыбысты естіп, шошып ояндым. Сөйтсем бөлменің қабырғасы опырылып құлап бара жатыр. Үйдің ішін жинастырғаннан түк пайда болмады. Сағат жетіге 15 минут қалғанда залдағы қабырға бірақ құлап қалды”, – дейді Гүлдана Сүндетова.

Ал, жергілікті билік қара суықта баспанасыз қалып абдырағандарды ескі жатақханаға орналастырмақ болған. Алайда, шаршы метрі 17 метр болатын жатақханада көп баламен өмір сүру мүмкін емес -деп әкімдікке қайтарып бермекші. Ал, жергілікті билік тұрғындарды далада қалдырмайтындарын айтты.

“ Бүгін таңғы 6-да Мұхитова 124/2 мекен-жайында орналасқан жатақхананың шатыр жабыны қалың қарды көтере алмай, төбе конструкциясы бұзылды. Осы үйде 14 пәтер бар. Енді тұрғындарды басқа мекенжайға уақытша көшіру мәселесін қарастырып жатырмыз”, – дейді иржан Нұртазин.

Қираған үйде тұратын зейнеткерлер мен көпбалалы отбасылар жағдай жасалмаса соңына дейін шешім іздейтіндерін айтып отыр.

Талқылау