Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Орал көшелерімен кеме жүріп өтті

Салмағы 250 тонна болатын жаңа су көлігі осындағы «Зенит» зауытында құрастырылған. Цех пен суға түсіру алаңының аралығындағы 3 шақырым жолда кемені арнайы платформамен тасымалдады. Қауіпсіздік үшін тіпті бірнеше көшені жауып тастауға тура келген. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

19-04-2012-5

Сурет uralsk.gov.kz

Оралдық жүргізушілерді әуре-сарсаңға салып барып, суға табан тіреген бұл кеме енді еліміздің теңіз қақпасын күзетпек. «Сарбаз» – қарсыласқа қасқайып қарсы тұрып, жаудың көзін жоюға тек суда қауқарлы. Ал құрлықта оған аса мұқият қарау керек. Тасымалдаушы техника минутына небәрі 100 метрге қозғалады. Бұл Оралдағы «Зенит» зауытында құрастырылған сегізінші кеме. Оны шығарып салуға полиция, өрт сөндірушілер, дәрігерлер мен техникалық қызмет түгел жұмылдырылған.

“Әрине, бірінші кезде қиын болды. Уақыт өте келе техникалық мәселелерді түгел шештік. Қазір біз кемені зауыттан суға түсіру алаңына дейін 30 минутта жеткізе аламыз. Суға түсіруге де бір күндей уақыт кетеді”, – дейді «Зенит» зауыты» АҚ директоры Вячеслав Валиев.

Кеме тасымалдау рәсімі тек автокөлік жүргізушілеріне қиындық тудырады. Онсыз да тар жолдар жабылған соң, ұзын-сонар кептеліс басталды. Дегенмен оралдықтар бұл жағдайға төзіммен қарайды. Өйткені олар үшін туған қаласында құрастырылған кемені суға түсірудің өзі бір мереке.

29 сәуірде өтетін салтанатты рәсімге мыңға тарта адам қатысады деп күтілуде. Ал зымыранды-артиллериялық кеменің төсі Шаған өзеніне тиген соң ары қарай Жайық арқылы Каспийге аттанбақ. Еліміздің теңіз қақпасын күзету үшін.

“Бұған дейін төмен дәрежелі кеменің командирі болғанмын. Қазір жоғарғы дәрежелі кемені басқаратыныма қуаныштымын. Ертерек теңізге шығып, кеменің мүмкіндігін көруге асықпыз”, – деді кеме командирі Рустам Исмайылов.

«Сарбаз» кемесінде көбіне қару-жараққа мән берілген. Зымыранды-артиллериялық құрылғыдан бөлек мұнда су астындағы жағдайды бақылап тұратын қуатты гидроакустикалық станция жұмыс істейді. Бұл әзірге Орал зауытында жасалған ең үлкен су көлігі. Таяу уақытта тағы осыдан екі жарым есе үлкен кеме құрастырмақ.

Талқылау