Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оңтүстік Қазақстанда тұрғындар тәртіп сақшыларынан жәбір көретінін айтып шу шығарды

Оңтүстік Қазақстанда полицейлер қара халықты қанап жатыр. Мақтарал ауданына қарасты Асықата ауылының жұрты осылай деп шу шығарды. Айтуларынша, тәртіп сақшылары тұрғындардың мойнына жасамаған қылмыс іліп, ақша бопсалауды әдет қылыпты. Тіпті қысымға шыдамай өзіне қол салмақ болғандар да бар екен деп хабарлайды КТК телеарнасы.

image121575

Сурет news.caravan.kz сайтынан алынды

Үш баланың әкесі Нұрман Ахметов жансақтау бөлімінде үш күн жатып, есін жиғаны бүгін ғана. 35 жастағы азамат полицейлерден жәбір көрген соң өзіне қол салмақ болыпты. Алматыда жасалған қылмысқа күдікті ретінде полиция учаскесіне әкелген погондылар оны 3 сағат бойы қинап, кінәні мойныңа аласың деп мәжбүрлеген көрінеді.

“Қолыма кісен салып, Ғани мен Ермахан деген екеуі артымнан келіп мойнымнан қылқындырып тастады.Ғани деген қылмыстық істер бөлімінің бастығы. Екеуі 10 мың доллар сұрады”, – дейді жәбірленуші Нұрман Ахметов.

Арада тәулік өтпей Алматыдағы қылмыс ашылған. Ал осыдан соң жергілікті тұрғындар жаппай полицейлерге қарсы шыққан. Ұлардай шулаған мына халықтың айтуынша, соңғы кезде тәртіп сақшылары тепкінің астына алып, істемеген қылмысты мойнына іліп ақша сұрауды әдет қылыпты.

“Қазір бандиттерден қорықпаймыз. Тек, полициядан қорқамыз. Жазықсыздан жазықсыз қинайды Ақшаға «сындырады» да жібереді. Қорқытады олар. Өздері наша салады қалтаға”, – дейді Асықата ауылының тұрғыны Жандос Қасыбаев.

Дәлел ретінде жергілікті полиция басшыларының дәмханалары мен бала-бақшаларын көрсетеді. Жұрт бүгін бөлімшеге де барды. Бірақ әдеттегідей онда басшылары жоқ. Ал қалған полицейлермен келгендердің әңгімесі жараспады. Жұмыс орнында болмаған полиция басшысы кейін өзі іздеп келді. Айтуынша, бұл шу бәзбіреулердің қасақана ұйымдастырып отырған жаласы екен. Ал полиция құқайынан соң өлуге бел будым деген Нұрман Ахметовпен тіпті доспыз деп отыр.

“Енді бәріміз бірге барып, оның денесін сырттай қарағанбыз. Мен сол кезде өз көзіммен көрдім оның мысалы мойнында кішкентай қызарған несі бар екен өзі. Енді оны экспертиза анықтайды ғой оны жарақат бар ма жоқ па? Ол кісен бе, басқа ма, анықталуы керек”, – дейді Мақтарал аудандық полиция бөлімінің бастығы Бақыт Мыңжасаров.

Полиция полковнигі кінәлі емеспіз десе де аудан прокуроры ішкі істер қызметкерлерін «азаптау» бабы бойынша сотқа дейін тергеп жатыр. Тексеру қортындысы қалай болса да қызыл жағалылардан қорлық көрдік дегендер жергілікті полиция басшылығы орнынан кетсін деп талап қойды. Алайда полицейлер де қарап қалмай, өздеріне қарсы шығып жатқандарды сотқа бермекші.

Талқылау