Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оңтүстік Қазақстанда есектер жаппай ұрланып, терісі мен құлағы сатылып жатыр

Оңтүстік Қазақстанда жаппай есек ұрланып жатыр. Санаулы күн ішінде Түркістандағы ондаған ауылдан 50-ден астам жануар жоғалған, – деп хабарлайды КТК арнасының сайты.

6C320B99-CF7B-447E-A077-E926C86E476E_cx2_cy5_cw98_mw1024_s_n_r1

 

Ал олардың терісі сыпырылып, құлақтары кесілген өлекселері ауыл маңынан табылыпты. Қара базарда бір есектің терісінің құны 40 пен 150 мың теңге арасында сатылатын көрінеді. Ал оның құлағынан тіпті еркектің қуатын күшейтетін дәрі жасалады дейді жұрт.

Ұрылар Қанатбек Жарылқасыновтың жалғыз есегін алып кеткен кезде қорада сиыр мен қой да тұрған екен. Бірақ, нақ салпаңқұлақты көздеген ұры-қары жұрт ұйқыға кеткен сәтте оны ауыл маңындағы сайға жеткізген. Қазір Қанатбектің жануары мына өлекселердің арасында.

Есек жетектеген ұрылар жұмыртұяқтыны жайрату үшін алысқа барып әуреленбепті. Түн ішінде ауыл іргесінде-ақ сойып, терісі мен құлағын сыдырып алып отырған. Енді тұрғындардың есегі қарға-құзғынмен ит-құстың жемтігіне айналды.

Түркістанға қарасты Ескі Сауран ауылында бір түн ішінде 22 есек жоғалыпты. Ұрылар бәрін ауыл шетіне әкеліп соя берген.

“Қызылорда облысына  кетіп жатыр естіп жатырмыз.  Өзімде екі есек бар-тұғын. Екеуінен де айрылдық қой енді, – дейді Ескі Сауран ауылының тұрғыны Сәрсенәлі Сүлейменов.

Жылқы мінуге жағдайы жоқ жұрт есекті бір қойға айырбастап мініске жаратып келген. Құны 30 мың теңгеден аспайтын жануардың терісі өзінен қымбат тұратынын, тіпті оның құлағынан еркектік қуатты күшейтетін дәрі жасауға болатынын естіпті.

“Есектің әрбір терісін 40 мыңнан, 80 мыңнан дейді. Біреулер 150 мыңнан деп айтып жатыр. Терісі мен құлағы әйтеуір дәрі екен. Соған алып жатыр деп айтып жатыр, – дейді Ескі Сауран ауылының тұрғыны Мұратхан Сағындықов.

Хайуандары жоғалар күні қызылордалық нөмір тағып, қора жағалап жүрген көлікті көрген ауылдықтар полицейлерге хабар берген екен. Тіпті, күдіктілерді де анықтап берген. 5 күн өткен соң Жағақорғаннан келген 5 адам ұсталды. 23 пен 49 жас аралығындағы күдіктілер әзірше 10 есекті сатқаны туралы мойындапты.

“Жәбірленушілерге келтірілген залал мөлшері жарты миллиондай бағаланады. Олар ұрлаған есектерді қалаға әкеліп, саудаға салған. Есектің терісін, – дейді ОҚО ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова.

Полицейлердің есебінше әр есектің терісін сауда нүктелері 50 мыңнан кем алмапты. Қазір теріні қабылдап алған орындар да тексерілуде. Ал, жануарлардың жаппай жоғалып, терісіз, құлақсыз күйде табылып жатқаны туралы ақпар Түркістаннан бөлек, тағы екі ауданнан шығып отыр.

Талқылау