Оңтүстікте жұмыс істеген америкалық азамат Шымкентті қатты сағынып жүргенін айтты

Жексенбі, 28 Тамыз , 2016 14:29

Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқушыларға “Жаһандық перспектива” пәнінен сабақ берген Джефри Колонел, бүгінде Гонконгте ұстаздық етіп жүр. Таяуда америкалық мұғалім Қазақстанда болған күндері туралы әңгімелеп берді.

jeffrey

Бұл туралы “Замана” басылымы хабарлайды.

Джефридің әкесі – бағдарламашы болса, анасы үй шаруасындағы адам. Көптеген хоббилермен айналысатын ол, басқа ұлт өкілдерімен танысқанды және олардан көп нәрсе үйренгенді, саяхаттауды, жаттығуларды, табиғатқа шыққанды, тамақ жасағанды және пианинода ойнағанды қатты ұнатады. Алты жыл испан тілін меңгерген ол, аздап кәріс тілін де біледі. Ал Қазақстанда өмір сүру арқылы орыс тілін де меңгеріп алыпты.

“Басқа адамдарды білмеймін, бірақ менің Қазақстаннан үйренгенім төзімділік болды. Мұндағы өмірім қандай болатынын мен алдын-ала болжай алмадым. Мен ойламаған, тіпті күтпеген нәрселер де болып жатты. Сол арқылы мен тосын жайларды қабылдауды және сабырлы болуды үйрендім”, – дейді Колонел.

АҚШ-тан келген ұстаз, Қазақстанда өзіне не нәрсе ұнамағанын да ашып айтты.

“Қазақстанда адамдар бір-біріне сенбейді екен. Мен бұл елде бір қиын оқиға өтіп, сол оқиға адамдардың есінде қалып кеткен-ау деп ойладым. Мұнда қолында билігі бар адамдардың заңға бағынбайтын кездері болатынын байқадым. Адамдар арасында сенімнің болмауының бір себебі осында жатуы да мүмкін. Қай істе болмасын адамдардың бір-біріне сенбеуі қиындық туғызады. Кейде қолында билігі бар адамдар өз билігін адал қолдана бермейді. Бұл қарапайым адамдарға мәселе туындатуы мүмкін. Ол жайында әрбір қазақстандық біледі”, – дейді мұғалім.

“Алматыда екі жыл, Шымкентте екі жыл жұмыс істедім. Көптеген адамдармен таныстым, дос болдым. Бәрі жақсы, бірақ жаныма жақын тартқан достарым Шымкентте тұрады. Шымкентті сағынышпен еске аламын. Өзім екі жыл жұмыс жасаған Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіндегідей оқушыларды мен ешқашан көрген емеспін. Олар соншалықты мейірімді, мәдениетті, ашық, еңбексүйгіш және мен ешқашан ұмытпайтындай керемет еді. Мен осындай оқушылармен жұмыс жасауға мүмкіндік алғаным үшін өзімді жолы болғыш адамдардың қатарына қосамын. Осы оқушылардың әрқайсысы керемет өмірге қол жеткізетініне сенемін”, – деп атап өтті ол.

Джефри Қазақстанға келіп, өз бетімен тамақ дайындауды да үйренген. Әрі ұлттық тағамдарға қатты ғашық болып қалыпты. Ал ол өз отандастарының басты артықшылығы ретінде америкалықтардың ашықтық қасиетін атады.

“Мүмкін ол автобуста сенің жаныңда отырған, әлде супермаркетте сенен кейін тұрған шығар, танысып, сөйлессең болды, ол сенің досыңа айналады. Біз кез-келгенге сөйлейміз, өте ашықпыз және дос бола аламыз. Қай жерде жүрсем де мен американдықтардың осы қасиетін қатты сағынамын”, – деді ол.

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Источник: Stan.kz

0
Комментариев

Пікір қалдыру


wpDiscuz
Орташа айырбас бағамы
17.01.17
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Міндетті түрде оқыңыз
Соңғы жаңалықтар