Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың табысы қандай?

Оңтүстік Кореяға аттанған қазақстандықтар саны жыл сайын артып келеді. Олардың дені табыс табу, емделу және саяхаттау үшін барады екен.

Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың табысы қандай?

Бұл туралы «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Өткен жылы Кореяға 46 мың Қазақстандық барған екен. Ал биылғы жылы 8 айдың ішінде аталған көрсеткіш 39 мыңға жеткен.

Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың бірі Аруна Жәнібектің негізі мамандығы – шығыстанушы. Ол қазақ, орыс, ағылшын және кәріс тілін еркін меңгерген. Бойжеткен Кореяның Сеул қаласындағы пластикалық клиникада заңды түрде жұмыс істеуде.

«Жалпы, Кореяда жұмыс істеу оңай емес. Кәрістердің өзіндік мәдениеті бар. Тіпті, жұмыстағы ұжымдық қарым-қатынас біздің елдегіден бөлек. Егер Кореяда жұмыс істесең, өз міндетіңді ғана орындап қоймай, оны өз мерзімінде және жоғары деңгейде орындауың қажет. Жұмыстан басшыңнан бұрын қайтпаған жөн. Егер жақсы жұмыс істегің келсе, басшыдан кейін қайту керек. Мен мұнда тағы жұмыс істегім келеді. Сонымен қатар мұнда жалақы өте жоғары. Тіпті, минималды жалақынң өзі жоғары.

Маман ретінде тілді жоғары деңгейде меңгергендіктен қазір Кореяда жұмыс істеу маған тиімді. Оның үстіне жақсы жалақы төлеп отырған соң болашағымды осы жерден көріп отырмын. Егер болашақта білім алу керек болса, жаңа мамандық меңгеру керек болса, Қазақстанға қайта ораламын», – дейді Аруна Жәнібек.

Ал алматылық Серғалым Кейков 3 жыл бұрын шет мемлекетте бағын сынап көрген. Қазақстанда автокөлік сатумен айналысып жүрген ол Кореяда да осы іспен айналыспақ болыпты. Алайда оның орнына көлік шығаратын зауытта жарты жыл жұмыс істеп, қомақты қаржы жинап алғаннан кейін еліне оралған.

«Жалақысының айырмашылығы бізден көп қой. Күніне 70 доллардан (25 мың теңгеден аса) төлеп жүрді. Айына 2000-2500 доллар (732 000 – 916 000 теңгеден аса) шығып жүрді», – дейді Серғалым Кейков.

Серғалымның сөзінше, 3 жыл бұрын Кореяда отандастарымыздың саны аз болған көрінеді. Бүгінде жағдай айтарлықтай өзгерген. Мысалы, 2016 жылы Кореяға 35 мың қазақстандық барса, былтыр бұл көрсеткіш 10 мыңға артқан. Ал биылғы жылдың басынан бері аталған мемлекетте 40 мыңға жуық отандасымыз болыпты.

«Қазақстандықтар көбінесе қызмет көрсету саласында. Және жоғары кәсіби квалификацияны қажет етпейтін салаларда қызмет атқарады. Оңтүстік Кореяда қызмет көрсету саласындағы орташа жалақы көлемі 2 мың АҚШ долларын құрайды. Қазақстанда сіз ондай жалақыны алмайсыз», – дейді Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Исатай Минуаров.

«Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында келісімшарт бар. 30 күнге дейін визасыз екі елдің азаматтары бір-біріне бара береді. Соңғы жылдары Корея тарапына ұшатын қазақстандықтар көбейіп кетті. Олар 3 себеппен барады: біріншісі – емделу, Кореяның медицинасын білесіздер. Екіншісі турист ретінде, үшіншісі, өкінішке қарай, жұмыс», – дейді ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияров.

Бүгінде Кореяда 39 мың қазақстандық жүр. Олардың тек 12 мыңы ресми тіркелген. Ал аталған мемлекет аумағында заңсыз жүргендеріне 7 миллион теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін. Алдағы уақытта жергілікті билік «жасыл дәліз» тәртібін іске қоспақ. Ол жұмысшы мигранттарға жарты жыл көлемінде айыппұл төлеместен мемлекет аумағынан шығуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде бұл отандастарымыз үшін тамаша мүмкіндік болғалы тұр.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау