Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оңтүстік Қазақстан облысында 7 бірдей ауыл әкімі парамен ұсталды

Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауданында 7 бірдей ауыл әкімі парамен ұсталып, қамауға алынды. Қазір жеті әкім де мемлекет мүлкін аса ірі мөлшерде жымқарғаны үшін айыпталып отыр. Шенеуніктер «Балапан» және «2011-2020» жылдарға арналған білімді дамыту» мемлекеттік бағдарламасына бөлінген бюджет ақшасын талан-тараж еткен деп айыпталды. Осы әрекеттерімен олар қазынаға 100 миллион теңгеден астам шығын келтірген.

11042015_13-44-32

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Мәселен, «Жаңа жол» ауыл әкімі есепшімен сыбайласып, «Айсана ана» және «Жас шуақ» серіктестігінің құрылтайшысымен балабақшадағы тәрбиеленушілер санын асыра көрсеткен. Әр балаға 14 мың теңге бөлінетінін ескерген олар 39,8 миллион теңгені қалтаға басқан. «Нұрлыбаев» ауыл әкімі де дәл осы жолмен 25 миллион теңге мемлекет қаржысын жымқырған. Одан басқа, «Атакент», «Мырзакент», «Еңбекші», «Жамбыл», «Иіржар», «Қалыбекова» ауыл округтерінің әкімдері де бар. Заңсыз әрекеттерін әшкерелемеу үшін олар құзырлы мекеме қызметкерлеріне жалпы құны 4 миллион 90 мың теңге пара беру барысында қолға түскен. Қазір барлығы да қамауға алынды. Күдіктілердің айыптары дәлелденсе, олар 5 жылдан 10 жылға дейін сотталуы мүмкін.

«Бюджеттен бөлінген ақша 6 млрд. теңгеден асады. Осы бағдарламаға бөлінген ақша. Осы ақшаны игеру барысында 100 млн. теңгеден астам қаржы жеп қойған фактіні біз анықтадық. Сол фактіні сотқа жібермеу үшін, сол фактіге қудалау жүргізбес үшін, біздің қызметкерлерге аталған сумма бойынша пара берген», – ОҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Ерлан Егеубеков.

Талқылау