Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оңтүстік Қазақстан облысында көкпар жарысын әр ауыл өзі ұйымдастыруды әдетке айналдырған

Қазақтың ұлттық ойыны көкпар Орта Азия елдерінде кеңінен таралған. Спорттың бұл түрін, әсіресе, қазақ пен қырғыз халықтары шебер меңгерген. Себебі, ат үстінде малым жанымның садағасы деп ғұмыр кешкен көшпелі халық көкпар ойыны арқылы өзін жаудан қорғауға машықтанды. Яғни, көкпар – нағыз жауынгерлердің ойыны!

кокпар-14

Ал, бүгінде көкпар ойныны еліміздің оңтүстігінде жақсы дамыған. Сөзімізге бірнеше дүркін ел чемпионы атанған ОҚОның Құлагері мен Жамбыл облысының Әулиеата командасы дәлел бола алады. Әзірше, республикалық жарыстарда осы көршілес екі облыстың жігіттеріне қарсы келер шабандоздар болмай тұр.

Оған себеп, ұлттық спортымыздың осы түрін естігенде  делебесі қозатын оңтүстік жұрты әр жұмада бір көкпар беруге дағдыланған. Түстіктегі кей көкпардың салымына 10-12 темір тұлпарға дейін тігіледі. Мұндай қомақты жүлдені естігенде тіпті, көршілес қырғыз бен өзбектің мықтылары да ат арытып келіп жатады. Салымның ең төмені 5 мың теңге немесе бір қой. Оңтүстік Қазақстан облысының  Төле би ауданындағы Біркөлік тауының баурайында өткен сондай көкпар сайысын таспаға тартып қайтқан фотограф Мақсат Шағырбаевтың суреттері сөзімізге дәлел болады.

Негізі, бата көкпардың шарты бойынша әр шабандоз жеке-дара шабады. Алайда, кейде бір ауылдың жігіттері бір-біріне болыса кетеді. Сөзіме, мына бірін-бірі сүйреп баражатқан шабандоздар дәлел.

15

Бұны, серкені тақымға ілудің тиімді тәсілі десе де болады. Бірақ, қазандыққа серкені біреудің көмегімен салар болса, жүлдені сол демеушімен бөлісуге тура келеді.

Бір қызығы қазір ахалақшы (көкпар ойынының төрешісі) шабандоздарға серкені тақымына ілуге рұқсат берген шақта, көкпаршылар серкеге бұрынғыдай көлденең қойып ұмтылмайды. Құдды бір күшті дауылдың салдарынан мұхит бетінде пайда болған үлкен ұйықша серкенің маңайында жанталаса айналады. Доданың бұл түрінде атының бабы келісіп, тақымы бекем тартылған шабандоз ғана серкеге қол жеткізуі мүмкін. Ал, тақымы босағаны аттан аударылады. Аты әлсіздік танытса серкеге санаулы метр қалғанда, көкпаршымен бірге құлайды.

Біркөлік тауының баурайында өткен бұл көкпарда 300-ге жуық шабандоз бақ сынап,  5 мың теңгеден 35 салымға таласты. Тіпті, қорасында байлаған серкесінде осы жолға арнаған азаматтар да жетерлік. Міне, Оңтүстіктегі ауыл халқының жомарттығы, меймандостығы деп осыны айтса керек.

кокпар-2 кокпар-3 кокпар-4 кокпар-5 кокпар-6 кокпар-7 кокпар-8 кокпар-13

кокпар-9 кокпар-11 кокпар-16

кокпар 10

Талқылау