Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Оңайға» ұқсас жүйе Астана қаласында да енгізілмек

Енді алдағы сәуір айынан бастап Елордада да кондукторлар жұмысынан босайды. Оның орнына электронды билеттер қолданысқа енгізілгелі жатыр. Қазір әкімдік зейнеткерлер мен жарымжандарды  суретке түсіріп, жаңа жол жүру карталарын әзірлеуге кіріскен. Бірақ, бастамаға күдікпен қараушылар көп. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

_7

Сурет 7kun.kz сайтынан алынды

Жаңа электронды картаның шетіне пайдаланушының суреті қойылмақ. Оны жолаушы автобусқа кіргенде және түсіп бара жатып валидаторға тигізуі тиіс. Қонақтардың да қоғамдық көлікте жүріп-тұруы қарастырылған. Сырттан келгендер үшін бөлек қағаз карталар шығады.

Әзірге астаналықтардың басым бөлігі қоғамдық көліктерде бір рет берілетін билетпен қатынап жүр. Яғни, кондуктор әр жолаушының жанына келіп, жол ақысын жинайды. Енді Елордада бұл жүйе сәуірден бастап мүлдем жойылады. Орнына жұрт электронды билеттер сатып алуы тиіс.

“Электронды карталардың құны қазіргі билеттерге қарағанда арзан. Жолаушылар оны үш айға, тіпті жарты жылға жететіндей етіп толтыруына болады. Сосын, картаға ақшаны көп салған сайын жол ақысы да арзандай береді”, – дейді Астана қаласы Көлікті диспетчерлендіру орталығының жетекшісі Бауыржан Сейітов.

Сондай-ақ, шенеуніктердің айтуынша, жол ақысы бір тиынға да қымбаттамайды екен. Бұрынғыдай 90 теңге болып қала бермек. Жарымжандар мен зейнеткерлерге арналған жеңілдіктер де сақталады. Қазір әкімдіктегілер оларды жаппай суретке түсіріп, карталарды әзірлеп жатыр. Ал елордалықтардың жаңа жүйеге деген көзқарастары әрқилы.

«Оңай» деп аталатын атышулы карта алдымен Алматыда енгізілген болатын. Оңтүстік астана тұрғындары да қазір қоғамдық көліктерде тек электронды билетпен жүреді. Бұған негізінен қолма қол ақшадан айырылған автобус жүргізушілері мен табысы толық есепке алынған автопарктер қарсы.  Арагідік жолаушылар арасында да түсініспеушіліктер туындап жатады. Әйтсе де, елордалық шенеуніктер ондай қателіктер қайталанбайды деп сенімді отыр.

Талқылау