Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өмірім тозаққа айналды: 15 жасында тұрмысқа шыққан әйел қатты өкінетінін айтты

Ардақ Әбдіғалиева есімді әйел 15 жасында тұрмыс құруға мәжбүр болған. себебі 19 жастағы болашақ күйеуі оны қорқытып, өзіне тұрмысқа шықпаса, суицид жасайтынын айтқан. Бүгінде 3 баласын тәрбиелеп отырған әйел жас кезінде қабылдаған шешімі үшін өкініп отыр.

Өмірім тозаққа айналды: 15 жасында тұрмысқа шыққан әйел қатты өкінетінін айтты

Бұл туралы «Алматы» арнасына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Ардақ Әбдіғалиеваның сөзінше, содан бергі 12 жыл ішінде өмірі тозаққа айналған. Бұрынғы күйеуі оны рұқсатсыз далаға шығармайтын болған. Шаңырақ көтергенге дейін білім алуына жағдай жасайтынын айтса, артынша оқуға мүмкіндік бермепті.

12 жылда көрген қиындықтарға шыдамаған әйел арада 3 баласы болса да, ажырасуды ұйғарған. Алайда оның балалары әкесінің қамқорлығында қалыпты. Бауыр еті балаларынан жырақта қалған ананы дәл осы жайт қынжылтады.

«Мен олардың психологиялық жағдайына алаңдаймын. Өйткені, балаларым біздің айқайымызды естіді. У-шудан қорқып, бұрышқа тығылатын. Мен шаршадым. Менің оқығым келді. Басқалар сияқты білім алып, адамша өмір сүргім келді», – деп күрсінеді Ардақ Әбдіғалиева.

Елімізде әйелдердің күйеуінен таяқ жеу жағдайы көбейген. Мұндай жағдайларға қатысты қылмыстық іс қозғалса да, кейде кінәлілерді жазалау мүмкін болмайды екен. Себебі жәбірленуші үйінде болған жайтты жария етуге ұялады немесе қорқады. Бұл қоғамдық қозғалыс мүшелерінің пікірі.

Әйел құқығын қорғайтын «НеМолчи» қозғалысындағылардың пікірінше, отбасындағы әлімжетіктің өршуі заңның осалдығына байланысты. Бұл Қылмыстық кодекстің 120-бабы, яғни «зорлауға» да қатысты.

«Биыл Қазақстанда тоғыз айда 914 нәзік жанды зорланған. Сексуалдық зорлық-зомбылық заңы Тәжікстан мен Өзбекстанда біздің заңға қарағанда өте қатаң. Бұл елдерде жасаған қылмысы үшін қылмыскер 3 жылдан 7 жылға дейін сотталады. Зорлау – ауыр қылмыс түріне жатады. Ал бізде орташа деңгейдегі ауыр деп қаралып, 3 -5 жыл ғана беріледі. Қырғызстанда зорлаған адамды заң 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырады», – дейді «НеМолчи» қозғалысының жетекшісі Дина Смаилова.

Сонымен қатар жәбірлеушінің жазасыз қалуына тараптардың ымыраға келуі де себеп екен. Сондықтан қозғалыс мүшелері сотта белгісіз себептермен қос тараптың ортақ мәмілеге келуін құжаттан алып тасталуын сұрады.

«Тараптардың өзара ымыраға келуіне қарсымын. Балаға, әйелге, еркекке қарсы қылмыс жасалса, адам кінәсына қарай жауап беруі керек. Бұл оймен көпшілік келіседі деп ойлаймын. Менің бар білетінім, осы жағдайды қамтитын заң енгізу қолға алынып жатыр», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова.

Айта кетсек, елімізде соңғы үш жылда зорлау фактісі бойынша 5 мыңнан артық қылмыстық іс қозғалған екен.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау