Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Олимпиададан жүлдесіз қайтқан спортшыларымызға да қомақты қаржы берілетін болды

Рио-де-Жанейрода өткен XXI жазғы Олимпиада ойындарына Қазақстан атынан 104 спортшы қатысқан болатын. Оның ішінде 17-сі жүлделі орындарға ие болды. Енді Қазақстан Республикасының заңына сәйкес спортшыларға мемлекет тарапынан сыйақы бөлінеді.

479830842b88053bab07f2f90461cf12_XL

Фото: Khabar.kz

Бұл туралы baq.kz хабарлайды.

Қазақстан Олимпиада ойындарында алтын медаль алған спортшыға 250 мың доллар, күміске – 150 мың доллар, қола медаль алған спортшыға – 75 мың доллар сыйақы тағайындаған. Сондай-ақ жүлдеге ілікпесе де алғашқы бестікке енген спортшылар бар. Оларға да сыйақы беріледі.

Жүлдеге ілікпесе де, мемлекет тарапынан қаржылай сыйақы алатын спортшылар:

Бокс

Біржан Жақыпов – 5-ші орын (10 мың доллар)

Жайна Шекербекова – 5-ші орын (10 мың доллар)

Жәнібек Әлімханұлы – 5-ші орын (10 мың доллар)
Күрес

Ғалымжан Өсербаев – 5-ші орын (10 мың доллар)

Жұлдыз Ешімова – 5-ші орын (10 мың доллар)

Алмат Кебіспаев – 5-ші орын (10 мың доллар)
Ауыр атлетика

Маргарита Елисеева – 5-ші орын (10 мың доллар)

Арли Чонтей – 4-ші орын (30 мың доллар)

Денис Уланов – 4-ші орын (30 мың доллар).

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шілдедегі № 228-V ҚР заңына сәйкес Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне қаржылай сыйақыдан бөлек, жергілікті әкімдік тарапынан пәтер беріледі. Тиісінше, чемпионға үш бөлмелі пәтер, күміс медальға екі бөлмелі, қола жүлде алған спортшыға бір бөлмелі пәтер беріледі.

Рио олимпиадасында Қазақстан құрамасы сапынан мына спортшылар жүлдеге қол жеткізді: 77 келіге дейінгі салмақта сынға түскен ауыр атлетНиджат Рахимов (96 келі), 200 метрге брасс әдісімен жүзуде Дмитрий Баландин және 69 келі салмақта сынға түскен боксшы Данияр Елеусінов олимпиада ойындарының чемпионы (69 келі) атанды. Бұл спортшылардың барлығы олимпиада ойындарындағы тұңғыш жүлделерін иеленіп отыр. Данияр Елеусінов 64 келі салмақта Лондон олимпиадасына қатысып, жеңіліп қалған еді.

Ал 60 келі салмақта дзюдошы Елдос Сметов (60 келі), боксшы Василий Левит (91 келі) пен Әділбек Ниязымбетов (81 келі), еркін күрес шеберіГюзель Манюрова (75 келі) және ауыр атлет (69 келі) Жазира Жаппарқұл олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды. Күміс жүлдегерлердің арасында Әділбек Ниязымбетов пен Гюзель Манюрова екі олимпиада қатарынан тұрақты түрде жүлде алып отыр. Боксшы Әділбек Лондон олимпиадасында (2012) дәл осы салмақта күміс иеленсе, Гюзель Манюрова төрт жыл бұрын қола еншілеген. Ал Жазира Жаппарқұл бұған дейін тек 2010 жылы жасөспірімдер олимпиадасында ғана топ жарған.

Ел қоржынына қола жүлдені ауыр атлеттер Корина Горичева (63 келі),Фархад Харки (62 келі), Александр Зайчиков (105 келі) және еркін күрес шебері Эльмира Сыздықова (69 келі), Екатерина Ларионова (63 келі) дзюдошы Отгонцецег Галбадрах (48 келі) және жеңіл атлет Ольга Рыпаковалар салды. Бұл спортшылардың арасында Ольга Рыпакова Қазақстан тарихында жеңіл атлетикадан екі олимпиадада қатарынан жүлде алған алғашқы спортшы атанды. Сондай-ақ, бұл қатарда 20 тамыз күні қола жүлде алған боксшы Иван Дычко (91 келі) мен әйелдер арасындағы бокс бәсекесінде оза шапқан Дариға Шәкімова да (75 келі) бар. Дариға Шәкімова қазақ қыздарының арасынан алғаш бокстан олимпиада ойындарының жүлдегері атанды. Иван Дычко бұған дейін Лондон олимпиадасында да осы салмақта қола жеңіп алған еді.

Бұл Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде қатысқан 6-шы жазғы олимпиада ойындары. Қазақстан 1996 жылғы Атланта олимпиадасынан бері тұрақты түрде жаһанның басты спорттық ойындарына қатысып келе жатыр.

Талқылау