Өлім аузында жатқан науқасқа жете алмаймыз: Өскеменде жедел жәрдем жүргізушілері шағым айтты

Өскеменде жедел жәрдем станциясы науқастарды тасымалдайтын көліктерге жарымай отыр. Ал, автомобиль жүргізушілері “адам өмірін сақтау үшін алдымен тозығы жеткен УАЗ маркалы машиналарды құтқару керек” деп ашынуда.

Себебі, күніне кем дегенде 25 жан көмекке мұқтаж болса, қолданыстағы 25-ке жуық көліктің бесеуі жолда істен шығып қалады екен. Ал, ескірген техниканы жүргізушілер өз қолдарымен жөндеуге мәжбүр. Аз жалақыға түн жарымына дейін жанталасатын олар ” бұдан артық төзу мүмкін емес” дейді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Адам өмірін шұғыл құтқару – міндет. Алайда, кейде өлім аузында жатқан науқасқа жету қиындап кетеді. Тозығы жеткен көлік орта жолда сынып қалады. Ал, ауыр автокөлікті жөндейтін маман жедел жәрдем станциясында атымен жоқ. Таңсәріден рульден түспейтін жұмысшылар сағаттап көлік ішінде тоңып отыруға тағы мәжбүр. Себебі, жанармай көлік жылытуға есептелмепті. Ал, түскі ас пен үзілісті ұмытқалы қашан деп налиды.

“Сынады 5-6 машина, ескі машиналар. Тәулігіне 18-22 шақырту аламыз. Түскі асқа үлгермейміз. Шақырту көп дейді. Түскі асқа кешкі 16-00 -17-00- де келеміз. Кешкі асты түнгі 00.00-01.00-де ішеміз. Солай вот жұмыс істейміз. Машина сынса амал жоқ өзіміз істейміз”, – дейді көлік жүргізушісі Дәурен Елғазинов.

Қаусап тұрған темір тұлпардың тілін түсіну қарапайым көлік жүргізушісі үшін кәдімгідей ғанибет. Бірақ, “жөндемесең жұмыстан қуыласың. Ұнамаса, кете бер!”-дейді екен станция басшылығы. Жұмысшылардың басым бөлігі зейнет жасына жақындағандықтан, амалсыз ауыздарына құм құйған. Шарасыздықтан шағымданбауға тырысады. Алайда, ескі көлікті тозған автобөлшектермен жөндегеннен түк пайда жоқ -дейді олар.

“Машинаны сынса өзіміз жөндейміз. Запчастьтарды әкеледі. Бірақ, сапасы жоқ. Сол салған запчасть жиі-жиі қайта сына береді. Ремонт кезінде бізге ремонтқа ақша өте аз төленеді”, – дейді көлік жүргізушісі Талғат Хизин.

Жүргізушілердің сөзінше, машиналар күнде бұзылады. Өйткені, көне көліктер ойқы-шойқы жолдарды көтермейді. “Сырқаттанғандарды тасып жүрген автомобиль саны 36 делінгенмен, іс жүзінде бар-жоғы 19-20 ғана”- дейді олар. Ал, жедел жәрдем қалыпты режимде кем дегенде науқасқа15-20 минутта жетуі тиіс. Өскемендіктер болса оны сағаттап күтеді. Осылайша, түрлі арыз-шағым түседі. Алайда, 2017 жылы облыс бюджетінен 13 көлікке қаржы бөлінгенмен, жаңа автомобильдерді ешкім көрмепті.

“2017 жылы расымен жергілікті бюджеттен 11 автокөлік сатып алуға қаржы бөлінген болатын. Тендер ойнатылып, Шымкенттік “Казмедприбор” деген компания ұтып алған. Олар 145 күннің ішінде бізге көліктерді жеткізуі тиіс еді. Алайда, жұмыс істелген жоқ. Біз сотқа бердік. Сот процесі бірнеше айға созылып, біз жеңіске жеттік. Қазір сот орындаушылары бұл сұрақпен айналысуда”, – дейді қалалық жедел медициналық көмек көрсету стансасының бас дәрігері Марат Ластаев.

Ал, мамандар “сотта жеңіп шыққанымызбен қаржының қайтарылған, қайтарылмағанын бақылап отырған жоқпыз. Бұл сауалмен сот орындаушылары айналысып жатыр.Сондықтан, күтуден басқа амалымыз жоқ ” – деп жауап берді.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Загрузка...
Қазір оқып жатыр