Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оқушылар ҰБТ-дан көп балл алу үшін бақсы-балгерге дұға оқытып жүр

Елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу алдында бақсы-балгерлер «көмегіне» жүгіну дәстүрге айналған. Түлектердің бірі өз білімдеріне сенсе, дегбірі қашқан ендігі бірі – мешіт жағалап, тіпті кесенелерге түнеп жүр. Сынаққа екі аптадай уақыт қалғанда  мұндай «жөн-жоралғылар» қаншалықты нәтиже береді?

Тәуіпке сеніп, опық жегендер мен түлектердің санасын улап, жалған үміт сыйлаған көріпкелдер туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Сиқырға сенгендердің бірі – Серік. Жиырма жастағы жігіт екі жыл бұрын бақсының арбауына түсіп қалған. Алайда, 125 балл жинау үшін дұға оқып беремін деген тәуіптің уәдесі құр сөз болып шыққанын тым кеш түсінген. Емші-сымақтың айтқанын орындап, кесене аралап, біраз шығынға батқан.

«Басқа да оқушылар сияқты біз де құрбан шалдырдық, ҰБТ үшін деп. Түркістанға бардық, Қожа Ахмет Яссауи атамыздың басына, бақсы-балгерлерге бара бастадық. Мен де сол үйдегілер айтты осындай бір кісі бар, мақтап ол кісіні  бақсы жолыңды ашады дегеннен кейін, біз де оқыттық. Кішкене ақшасын бердік . Ол кісі екі аптадай оқыды. Сосын су беріп, ҰБТ-ға кіргенде ішесің деді. Бірақ, пайдасын көре алмадық» – дейді студент Серік Шымат.

Серіктің басынан өткен жағдайды анықап білу үшін, эксперимент жасап көрдік. Көріпкел әжей алдымен қай пәнге жақсы екендігімізді сұрап алып, содан кейін ғана есепші боласың, деді. Тесттен де еш қиындықсыз өтесің деп сендірді. Ол үшін тілек жазу керектігін, әрі онда не қамтылу керек  екенін былай деп түсіндірді.

“Экзаменге жақсы дайындалу үшін, тіпті үздік бағаға тапсыру үшін тесттен 140 балл алам деген тілек қабыл болады. Тек орамалды өзіңмен алып жүру керек”, – дейді балгер.

–         Точно өтем ғой, иә? Орамал оқымаса неше алуым мүмкін?

–         Кішкене төмен болады.

Шынында да, тест алдындағы дайындық, көзге көрінбейтін төңкеріс іспетті. Ал дұға ма әлде дуа ма, оған сенетіндер қоғамда баршылық екен.

«Менің замандастарым болды, арасында барып жүретін».

«Мен қазір 10 сыныпты бітірдім, естігенімше 11 сыныптар барған».

«Бақсы,балгерлердің айтқанына ешқашан сенбеймін мен. Сеніп те көрген жоқпын. Барған да емеспін. Өтірік ол».

«Дұрыс, сену керек. Осындай жағдайларда».

«Сену керек, сенсең бәрінен өтесің, главное уверенность дейді ғой».

Ал ғаламтор беттерінде Ұлттық бірыңғай тестілеуден оңай өтуге арналған “дұғалар” қаптап кеткен. Ал дін өкілдері мұндай дұғалардың барын түбегейлі жоққа шығарады. Керісінше, сынаққа жақсы дайындалып, одан кейінгісін бір Жаратушыға тапсыруға кеңес береді.

«Пайғамбарымыз с.ғ.с заманында ешқандай да ҰБТ деген болған жоқ. Сондықтан оған арнайы оқитын мынадай дұға бар екен, пайғамбарымыз ҰБТ-ға кірер кезде мына дұғаны оқыңдар деп айтқан сөзі бар екен деген ондай хадис жоқ. Алладан басқа ешкім жолды аша алмайды» – дейді «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы Әділхан Серікбай.

Қалай десек те, Ұлттық бірыңғай тестілеуден өту  үлкен өмірге қадам басар алдындағы алғашқы сынақтардың бірі. Яғни, жауапкершілікті нақты сезінетін шақ.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау