Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ОҚО-дағы отағасы 104, жұбайы 96 жастағы қариялар ұзақ жасаудың сырымен бөлісті

ОҚО Қазығұрт ауданында 95 жастан асқан жүзге жуық қария өмір сүреді. Олардың басым бөлігі әйел-аналар. Бұл өңірдегі ең үлкен көрсеткіш дейді жергілікті билік өкілдері.

33

Stan.kz сайтының ОҚО-дағы тілшісі жүз жасаған қариялармен сұхбаттасып қайтқан болатын.

1

Ашаршылық пен соғыстың куәгерлері, Қазығұрттың қазынасына айналған қариялар, Жаңа жылда барша отандастарына жақсылық тілейді.

Қазығұрт ауданы, Шарапхана ауылының тұрғыны Омар Сапарбеков биылғы жаңа жылда 104 жасқа толады. Ал оның зайыбы Ұлтай әжей 96-ға келеді. 65 жыл бірге отасқан жандар, сегіз бала, елу немере, алпыс бес шөбере мен төрт шөпшек тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы.

23

Омар ақсақал 1920 жылы дүниеге келген. 1938 жылы Кеңес әскері қатарына алынған. 1942 жылы Совет-Герман соғысына шақырылып, Совет-Жапон соғысына да қатысқан. Басы мен аяғынан екі мәрте жарақат алыпты. Соғыстан кейін ұзақ жылдар мал шаруашылығымен айналысып, үш мыңнан астам қой өсіріп баққан. Қарияны әлемде болып жатқан бүгінгі заманғы жағдайлар қынжылтады.

11

«Берлинге дейін жаяу бардық. Қанды соғыстың азабын сөзбен айтып жеткізу қиын. Бейбіт өмірді бағалау керек. Қазір теледидарды қосып қалсаң, кілең атыс пен соғыс. Алланың атын жамылып алып, қырылып жатқан бір ел. Соңғы кезде тіптен қарауды қойдым. Жаным ауырады», – дейді ардагер.

25

Ақсақал қазір де тыныш жатпайды. Ұзақ өмір сүрудің басты құпиясы – еңбекте деп біледі. Таңғы сағат бесте тұрып, мал-мүлкін түгендеу – жылдар бойғы әдетіне айналған. Ұлтай әжей екеуінінің жұбы ешқашан жазылмайтынын білетін көрші-қолаң оларды «ғашықтар» деп атайды екен.

21

Ашаршылық пен соғыстың куәгері болған Омар ақсақал ешқашан шылым шекпепті. Арақты тіптен аузына да алмаған. Ішкені қымыз-қымыран. Сұйық тамақтарды ұнатады. Тауда туып, тауда өткен қария жаңа үйді де тура таудың жанына соқтырыпты. Екі ұлы қолында. Тұңғыштары 65 жаста.

Оңтүстік Қазақстан облысысының ең қарт тұрғыны Нәзира Мүсірова биыл 1 қаңтарда 107 жасқа келеді. 76 жастағы жалғыз ұлының қолында тұрады. Қалған балалары бақилық болған. Үлкен немересінің өзі елу жасты алқымдапты. 11 немереден тараған 27 шөбере мен шөпшектерінің ортасында шалқып отырғанын айтады.

14

P1110616

Отбасының теберігі Нәзира әжейдің жасы тоқсанға жеткен інісі көрші ауылда тұрады екен. Анасы мен өз әжесі де жастары жүзден асып дүние салыпты. Сондықтан болар, қария ұзақ жасау қанымызда бар деп есептейді. Жүзден асқанша намазын тоқтатпаған әжейді қазіргі кей жастардың жат ағымның жетегінде кетуі мазалайды.

19

17

«Әкем колхоз басшысы болған. Сталиндік қуғындауға түсті. Соғысты көрдік. Жоқшылыққа куә болдық. Қазіргі жастар не ішем, не жеймін демейді. Бәрі алдарында. Біз болсақ бір уыс бидай үшін күн-түн демей еңбек ететінбіз. Мақта егіп, кетпен шаптық. Соны қазіргі жастар түсінсе екен. Нақ дінге бет бұрып, жамандықтан бойларын алшақ ұстаса екен», – дейді Нәзира Мүсірова.

28

Әжей жеміс-жидек пен ағарғанды ұнатады екен. Сүйікті асы – жұқпа. Газет-журнал оқығанды жаны сүйеді. Ол сексен жастан асқанша отбасының сүйікті астарын өзі дайындапты. Қолындағы жалғыз ұлы, анасының барлық жағдайын жасап, осыдан бес жыл бұрын Астанаға апарып бір ай қыдыртыпты.

30

27

«Билет алуға барсам, анамның жеке куәлігін көріп, кассадағылар «мынау кісі тірі ме?» деп шошып кетті. Билетті зорға берді. Бір ай қыдырып қайттық. Астана ұнады. Алла жазса, тағы да апарамын. Мен бақыттымын. Бар жақсылығыма анам куә болып отырса екен деп армандаймын»,- дейді әжейдің ұлы Ибаділдә Әлиханов.

33

Жергілікті атқамінерлер өңірдегі қарияларды қараусыз қалдырмайтындарын айтады. Қарт Қазығұрт тауының таза ауасы адамның ұзақ өмір сүруіне қолайлы деген ойда.

P1110619

«Бұл жердің ауасы таза. Азық-түлікті халық бақшада өсіреді. Үмені қозғалыста. Көптеп еңбек еткен. Біз оларға жиі қонаққа келіп тұрамыз. Ауылдағы ұзақ жасаған қариялар туралы арнайы кітап шығардық. Облыс бойынша ондай қариялар біздің өңірде көп тұрады», – дейді Жаңабазар ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушысы Асқар Ақжолов.

БҰҰ мәліметі бойынша, 95 жастан кейін адам ұзақ өмір сүруші болып есептеледі екен. Ал, Қазақстанда орта есеппен алғанда ер азаматтар 63, әйелдер 74 жыл өмір сүреді деген ақпарат бар. Қазақстанның ең жасы үлкен қариясы Ұлбала Ақбайқызы да осы Қазығұрт ауданының тұрғыны еді. Үш ғасырдың куәгері болған сүйегі асыл кейуана биыл 117 жасында дүниеден озды.

Талқылау