Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ОҚО-ның 450 тұрғыны солтүстікке көшкісі келеді

Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің өз аймағына адамдарды шақырып, оларды баспанамен қамтамасыз етеміз деген хабарландыруы 450 оңтүстік қазақстандықтың қызығушылығын тудырған. 8367915

Қазірдің өзінде 450 ОҚО тұрғыны Солтүстікке көшіп баруға дайын, деп хабарлады СҚО әлеуметтік бағдарламалар және қамту бөлімінің басшысы Асқар Сақыпкереев облыстық орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында.

Ол, 2016 жылы демографиялық ахуалға байланысты қосылып отырған квотаға сәйкес облыс 108 оралман отбасы мен 101 оңтүстік облыстан көшетін отбасыны қабылдайды дейді.

«Егер сіздер біздің облыс басшысының Орталық коммуникациялар қызметінде жасаған баспасөз жиынын көрген болсаңыздар білетін шығарсыздар, біздер биылға 300 отбасыға дейін көшіріп әкелуге өтініш беріп қойдық. Қазіргі таңда оралман отбасыларын қабылдауға 57 ауылдық округ дайын отыр. Ал оңтүстіктен келетіндер 54 ауылға орналастырылады. Оларға тұратын үй мен жұмыс береміз», – дейді Сақыпкереев.

Аудандардың дерегі бойынша, келушілер негізінен ауылшаруашылық және бюджеттік салаларда жұмысқа орналаса алады. Барлық көшіп келушілерге арнайы ақша да төленіп, жағдайлары жасалады.

«Оңтүстік Қазақстан облысының бір ғана ауданының өзінде 300 мың адам тұрады. Ал ауылында – 50 мың. Бізде бір жылыжайды үш деңгейде өсіруге мүмкіндік бар. Олар да жер жетпейді. Ал бізде жер кең. Сырттан көшіп келушілердің әсерінен біз алға жылжи түсеміз деп ойлаймын. Біздер олардың осы жерден Жол картасымен жұмыспен қамту және несие алу, тағы да басқа бағдарламалар арқылы өз істерін бастағандарын қалаймыз. Жұмыс күші бізде жетіспей жатыр», – дейді ол.

Қазіргі таңда әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ОҚО-дағы әріптестерімен арнайы меморондум жасап жатыр екен. Олар арнайы сайт құрып, келушілердің сол сайт арқылы мұндағы жағдаймен танысқандары дұрыс деп есептейді.

«Мұнда көшіп келуге 450 оңтүстік қазақстандық ниет білдірді. Бірі телефон арқылы кеңес алса, енді біреулері әдейі келіп бақылап жүр. Өткен жылы СҚО-ға еңбек жасындағы 27 адамы бар 18 отбасы көшіп келді», – деп хабарлады бөлім басшысы.

Талқылау