Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ОҚО тұрғыны соғыс майданындағы Павел есімді айнымас досының есімін ұлына қойған

Түлкібай ауданындағы Кершетас ауылында Павел Исмайылов деген ерекше қария тұрады. Біз таяуда ол кісімен сұхбаттас болдық.

Павел 1949 жылы 15 қа­занда Антоновка (қазіргі Кершатас) ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері, ауыл-аймаққа абыройлы ақсақал Әбітай Исмайыловтың отбасында дүниеге келген. Шымкенттегі Қазақ химия-технология институтында оқыған. Құрылысшы мамандығының иегері, деп жазады Замана.

Ол өзінің еңбек жолын «Түлкібас» совхозындағы құрылыс бригадасында прораб болып бастаған. Көп кешікпей аудан басшыларының назарына ілініп, 30 жасында Келтемашат ауылдық кеңесінің төрағасы болып бекітіледі.

Павел Кеңес Одағы ыдырап, аудан тұрғындары өтпелі кезеңді бастан кешіп жатқанда тығырықтан жол тауып, талай жанның жұмыспен қамтылуына себепкер болды. Ол «Жабағылы» фирмасындағы құрылыс саласының меңге­рушісі, Жаскешу ауылындағы МТС-тің директоры, Кершетас ауылындағы ағаш тілетін цехтың басшысы, Жаскешу ауылдық округінің әкімі қызметтерін ойдағыдай атқарып, ел сенімінен шыға білді.

«Кейінгі жылдары аудандағы елді мекендерге табиғи газ кіргізу жұмыстарымен айналыстым, – дейді Павел ағамыз бізбен әңгімесінде. – Газ жүргізу мекемесі басшысының орынбасары ретінде Балықты, Көкбұлақ, Абай, Ынтымақ, Кершетас, Састөбе, Дәубаба елді мекендеріне газ кіргізіп, халықтың алғысын ал­ған сәттерімді ешқашан да ұмытпаймын. Әрине, бұл жұмыс­тар өзінен-өзі бірден зырылдап жүріп кеткен жоқ. Талай қиыншылықтар, кедер­гілер кездесті. Жергілікті тұрғындар арасында түсін­беу­шілік те туындады. Бірақ біз бәріне шыдай біліп, түсіндіру жұмыстарын үзбей жүргізіп отырдық. Міне, соның нәтиже­сінде аудан тұрғындарын табиғи газбен қамту 98 пайызға орындалды.

Халықтың өтінішіне орай кей ауыл мешіттеріне газды тегін кіргізіп бердік. Бұдан біз жаман болған жоқпыз. Тұрғындардың бізге деген сенімі артты, алғыс сезімдерін жеткізді. Одан артық не керек бізге?

Әкем марқұм: «Ешқашан да артық сөйлеме, қолдан келмейтін іске ұрынба», – деп үнемі  айтып отырушы еді. Ел алдындағы адал еңбегімді сол әкемнен алған өнегенің жемісі деп білемін».

Осылай деген Павел бізді өзінің аты неге бұлай деп қойылғанынан да хабардар етті.

«Әкем – Сталинград шай­қасына қатысқан жауынгер. Сол майданда оның қанды­көйлек досы  Павел деген орыс жігіті болыпты. Екеуі ай­нымас дос болып, соғыс біткен соң ұлдарымызға бір-біріміздің атымызды қоялық деп уағдаласқан екен. Содан маған Павел деген ат қойыл­ған.

Әкем майданда көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденін, «Ерлігі үшін» медалін алған. Соғыстан аман-есен оралып, анаммен тату-тәтті ғұмыр кешіп, 10 перзентті тәрбиелеп өсірген. Мен сол он баланың екіншісімін.

«Түлкібас» совхозындағы су шаруашылығында, Антоновка мектебінде директордың шаруашылық істері жөніндегі орынбасары болып еңбек еткен асқар таудай әкеміз 2011-жылы дүниеден өтті. Өле-өлгенше бізді адалдыққа бау­лып кеткен ол кісінің біздер үшін орны әрқашанда ерекше.

Бүгінде өзім де үш перзентті тәрбиелеп отырмын. Зейнетке шықсам да кейде ауылда болып жатқан жиындарға қатысып, жастарды түзу жолға са­луға күш салып келеміз. Өйткені біздің елімізге санасы ояу, төрт мүшесі сау, өз жерін, халқын сүйетін азаматтар керек. «Ауылына қарап азаматын таны» деген қанатты сөз де осындайда айтылмай ма?»

…Пәкең, Павел қария бізге осындай әңгіме айтып берді. Біз зейнеткермін деп қарап отырмай, маңызды істерге әлі де араласып жүрген ол кісі туралы көпшілік біле жүргені дұрыс қой деп ойладық. Сосын осы мақаланы жаздық. Халыққа пайдасын келтіріп, еңбек сіңіріп жүрген Павел қарияның өмірі де көпке өнеге боларлық қой.

Тағы да оқыңыз:

Болат Назарбаев жас жұбайлардың тойына болып, жастарға Infiniti көлігін сыйлады (видео)

Айгүл Иманбаева: “Интригаға толы” жаңа бейнебаяным қазақ көрермендер үшін ыңғайсыздау болуы мүмкін

Баян Алагөзова: Бұрынғының батырлары жерді қорғаған, бүгінгінің батырлары жезөкшелерді қамшымен сабайды

Талқылау