Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ОҚО-да 4 жасар бала араққа мас болып, 3 күнін комада өткізді

Соңғы күндері желі қолданушылары 4 жасар баланың басынан кешірген жағдайды қызу талқылап жатыр. 13 ақпан күні  Орынбаев атындағы ауруханаға төрт жасар бала қатты мас күйінде жеткізілген. Ондағылар баланы бірден жансақтау бөліміне жатқызған.

ішімдік

Бұл туралы Отырар арнасы хабарлайды.

Оқиға баланың үйінде болған. Ата-анасы үшінші сыныпта оқитын ағасына 4 жасар інісін тапсырып кеткен. Олар үйдегі тоңазытқыштан этил спиртін тауып алып, оны ішкен. Үйдің кенжесі ауруханаға қатты мас күйінде жеткізілген.

Дәрігерлер бірден баланың асқазаны мен ас қорыту жүйесін жуып, оны жансақтау бөліміне жайғастырған. Бүлдіршіннің  денсаулығын қадағалаған дәрігерлер қазір оның өміріне ешқандай қауіптің жоғын айтады. Дегенмен баланың миы мен ішкі ағзалары ішімдіктің кесірінен қатты зақымданыпты. Бүлдіршін ауруханада үш күн бойына есін білмей жатыпты. Енді оған ұзақ уақыт бойы өзін қалыпқа келтіру үшін бейімдеу жұмыстары жүргізіледі.

«Біз екі тәуліктен артық уақыт баланың денсаулығын қадағалап отырдық. Бақытымызға орай, бала есін жиды. Қазір оның өміріне еш қауіп жоқ. Балақайды үйіне жібердік. Енді оған күш жинап, миының жұмысын қалпына келтіру үшін уақыт керек. Тіпті, үлкен адамның өзіне қатты масайғаннан кейін есін жинап, қалпына келуіне уақыт кетеді ғой? Бұл да сол сияқты»,-дейді токсикология бөлімінің басшысы  Бақытжан Айтымбаев.

Қазір баланың денсаулығы бастапқы кездегімен салыстырғанда жақсарған. Үйінде ойнап жүр.

Балалардың ата-анасы болған жайт бойынша  қандай да бір түсінік беруден бас тартты. Сондай-ақ, ата-ана енді үйлерінде спирттік ішімдік сақтамайтынын, балаларын ересек адамның қарауынсыз қалдырмайтынын айтқан. Таксикология бөлімінің дәрігерлері мұндай жайттың жиі болмаса да болып тұратынын айтады. Әрі бұған ата-аналардың салғырттығы себеп дейді.

 

 

Талқылау