Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ОҚО-да 1-топтағы мүгедек он жылдан бері жәрдемақы алмаған

Оңтүстік Қазақстан облысында  шахтада жарақат алып, арбаға таңылған 1-топтағы мүгедек Дастан Орынбасаров он жылдан бері жәрдемақы алмағанын айтады. “Қомақты айыппұл төленсін” деген алғашқы сот шешімін бұздырған компания өкілдері, біз «жарақат алған азаматпен бейбіт келісімге қол жеткіздік» деп жаңа келісім жасасқан. Осылайша мені алдады деген шағымданушы, кәсіпорыннан ақшасын өндіре алмай жүргенін айтады.

окода 1 топ мугедек

Бұл туралы 31 арна хабарлады.

Кен қазушы Дастан Орынбасаровты шахтада алып тас басып қалып, жұлыны зақымданған. Тексеру барысында 1-топтық мүгедектіктігіне соқтырған оқиғаға жұмыс беруші кінәлі екені анықталыпты. Бір миллион теңге айыппұл мен жетпіс мың теңге ай сайынғы өтемақы төленсін деген сот шешімін бір жыл орындамаған компания айлаға көшті дейді шағымданушы. Сөзінше, өзара бітімгершілікке келдік деп, қомақты айыппұлды алдыртып, өтемақыны екі есеге қысқартып, екіжақты бейбіт шешімге қол жеткізген. Артынша бар мүлкін басқа компанияға аударған кәсіпорын, төлем жасауға қауқарсыз күйдеміз деп, қаржы төлемей қойғанын айтады.

«Сөйтіп, жаңағы бейбіт шешім шыққан кезде солар келіп, бар Дастан, ертең шешім шығады деді. Сотқа бардым, онда судья Жолбарыс Гүлбахрам еді. Ол өзімді соттаймын, үйтемін-бүйтемін деп қорқытып, бейбіт шешімге қол қойдыртып алды. Мен шахтер білмеймін ғой оның не шешім екенін. Сол бейбіт шешіммен төлейміз деп, алдап кетті ғой барлығы», – дейді Дастан Орынбасаров.

Енді шағымданушы “қомақты айыппұл мен жүз мың теңге моральдық шығын төлеуді міндеттеген соттың алғашқы шешімін өзгертуге келісімді бекер берген екенмін” деп өкінеді. Отыз миллион теңге бағаланатын техникасын жаңадан құрылған компанияға аударуын, төлемнен қашқан әрекетке балап отыр. Сот орындаушысы да кедейдің күйін кешкен компаниядан өндірер тиын жоқ дегенді қайталаған.

«Сол кезде айтты, мен Алланың алдында қажылыққа барып келдім Дастан, мен мойныма алдым деді. Мен сол кісінің уәдесіне сендім», – дейді Дастан Орынбасаров.

Жарақат алған азаматқа уәде берген кәсіпорын құрылтайшысының бірі үш жыл қатарынан өтемақы жасағанын айтады. Қазір жұмыссыз отырғандықтан мүмкіндігім жоқ деп отыр.

«Ол жігіт менің компаниямда жұмыс істемесе де, үш жыл төлеп тұрғанмын. Қазір жұмысым жоқ. Жұмыс істеп жатқан жоқпын. Сол себепті. Мен беретінін бергенмін», – дейді мекеме құрылтайшысы Қалдарбек Ескенеев.

Шағымданушы қала әкіміне де, әлеуметтік қорғау бөлімі басшысына да бірнеше кіргенін айтады. Ондағылар мемлекеттен алынар қол арба, гигиеналық заттар мен көлік мәселесі жұмыс берушіден өндірілетінін айтады. Тек мекеме банкроттық деп танылса ғана, төлемақы мемлекет есебіне көшеді екен. Осыны естіп, арбаға таңғылған ол, компанияны банкрот деп тану үшін сотқа беруге мәжбүрмін дейді. Ал жуырда сот орындаушысы кәсіпорыннан өндірілер ақша жоқ деп, бар құжатын қолына кері қайтарыпты.

Талқылау