Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оқиға неге қайталанды: Астана әкімінің ашық құдықтарды жабу туралы тапсырмасы орындалмаған ба

Бақдәулет Өмірханның өліміне кім кінәлі? Апта басы тағы да әттеген ай ақпаратпен айшықталды. Астанада тағы бір жеткіншек ашық құдыққа құлап, қаза тапты. Жеткіншекті ата-анасы мен туған туыстары 4 күн бойы шарқ ұрып бүкіл қаладан іздеген. Обалы нешік, 13 жасар баланың денесі үйінен небары 20 метр жердегі құдықтан табылды.

Оқиға неге қайталанды: Астана әкімінің ашық құдықтарды жабу туралы тапсырмасы орындалмаған ба

Бұл туралы “Басты бағдарламада” айтылды.

Ата-анасы оған бірінші әкімдікті екінші погондыларды кінәлап отыр. Айтуларынша соңғылары тасбақаның тірлігін жасамағанда баланы құтқарып қалуға болатын еді. Әкімдікті кінәлайтын себебі, ашық жатқан құдықтар жүздеп саналады. Бұл түйткіл естеріңізде болса дәл осындай жағдайда мерт болған Аружан есімді Астаналық қыздың қазасынан соң шешілуі тиіс еді. Одан бері бірнеше ай өтті. Ашық құдықтар сол күйінше ашық жатыр, ал мәселені шешуде жабулы қазан жабулы, деп хабарлайды Евразия.

 

Мүшелінде ажал тырнағына ілінген Бақдәулет қана емес. Үш ай бұрын дәл сондай жағдайда 13-тегі Аружан да құдыққа құлап мерт болған еді.

Сол кезде жаңадан әкім болып келген Бақыт Сұлтанов шаһардағы барлық 65 мың құдықты күнделікті қадағалаңдар деп пәрмен берді. Нәтиже шамалы болғаны көрініп тұр. Бұл жолы әкім бүй деді.

“Құдықтарды ұрлау әдетке айналған. Түнде салса, таңертеңге дейін ұрлап кетеді”, – деді әкім.

65 мың құдықтың жартысынан көбі Суарнасына тиесілі. Былтыр 1400-дей қақпағы қолды болған екен.

«Біздіңше, метал қабылдау пункттерін жабу керек. Сол жаққа кетіп жатыр қақпақтарымыз. Одан бөлек, қақпақ астынан арнайы тор салуды жоспарлап отырмыз. Сонда ашық жатқан құдықтың өзіне адам құламас. Бірақ бұл әлі жоспар», – дейді “Астана су арнасы” ГКП басшысы Сергей Вилков.

Біреу жоспарлап жүргенде, өзге компаниялар қазірден-ақ ол технологияны енгізіп қойған. 150 келіге дейінгі салмақты көтере алатын торы бар жүздеген құдық бар екен қалада. Коммуналдық мекеме қызметкерлерімен бірге полицейлер де оянды. Металл қабылдау пункттерін тінтіп жүр. Темір-терсек терумен жүргендердің саны бар екен. Бірақ қайсы заңды, қайсы заңсыз екенін әлі білмейді.

«Біздің есебімізше, Астана қаласы аумағында 100-ден астам металл қабылдау орындары бар. Олардың бәрі заңсыз ба? Лицензиясы жоқ па? Қазіргі уақытта біз алдын алу шарасын қолға алып, соларда тексеретін боламыз. Егер қажетті құжаттары болмаса, пункт иелерін, жалға алушыларын әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартамыз», – деді қалалық ПД ЖПҚ бөлім басшысы Азамат Садықов.

Құдық қақпақтарын қабылдағаны анықталмады. Есесіне көшедегі қоқыс шелектерін қолды қылғандар құрықталды.

«Люк келсе біз алмаймыз. Қандай себеппен? Естіп жатырқ қой жаңалықтардан көріп отырық қой. Бір қыз қайтыс болған, бала түсіп кеткен», – дейді Марат Рүстемов.

Қақпақ іздеп қадалғанымызды қайтейік, кейбірінің қыр асқанын көріп жатырмыз. Мәселен, су арнасының бір қақпағы Грузиядағы Батумиде жатыр.

Бұл Нәдір Омарғазиев, жуырда осындай шұңқырға түсіп кеткен 5 жасар баланы құтқарып қалған бейбіт күннің батыры. Сабақтан келе жатқан бозбала кәріз құдығының жанында жылап тұрған әйелді көрген. Мән-жайды білген соң Нәдір бірден секіріп түсіп, суда жатқан жеткіншекті аман алып шықты.

Артық болмаса, бір айтып қояйық. Аружан – біреудің қарындасы, Бақдәулет біреудің жалғыз ұлы болған!

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау