Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оған ғашық болып қалдым: Жүкті болып қалған 16 жастағы қазақ қызы күйеусіз бала босанғалы отыр

Елімізде 15 жасқа толмаған 20 қыз оң босағада отырып жүкті болған. Бұл былтырғы статистика. Жыл өткен сайын бұл көрсеткіш көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Ал жалпы, кәмелетке толмағандар арасындағы деректер мен дәйектер жаға ұстатады. Айналасы бір жылда республика бойынша үш мың қыз 17 жасқа толмай жатып, бала көтерген.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

«Бір жыл жүрдім онымен, 16-да аяғым ауыр болып кетті. Оның аты Асқар. Шынымен, ғашық болып қалдым оған, сеніп қалдым оған» – дейді қарагөзіміздің бірі.

Небәрі 16 жастағы Сезім сезімнің жетегіне еріп, етегін ерте ашып қойған. Бүгінде аяғы ауыр, айы-күні жақындап отыр. Ал сенген серісі бұл жаңалықты естісімен-ақ, бойжеткеннан бойын аулақ салған. Ең өкініштісі, кәмелетке толмаған одан анасы да бас тартқан. Жақындарынан теперіш көрген ол, бастапқыда түсік жасатуға бел буыпты. Бірақ, екі бірдей ағасы құлаққа қонымды ақыл айтып, бұл райынан қайтарған.

«Аборт жасама емханада қалдырма. Сосын өкінесің сен. Олар маған солай қолдау берді. Мені жұбатты. Мен жыладым, не істерімді білмедім. Қайда барарымды білмедім. Өйткені, анам да  бас тартты, білгенде бәрін» – дейді 16 жастағы Сезім.

«Жігітім баланы менікі емес деп айтты. Аборт жаса деп айтқан, мен алдырмаймын дедім. Бірақ өз өзіммен қалғанда мен ойладым таблетка ішемін деп, ну солай ойым болған ішпедім. Не істеу керектігін білмедім»  – дейді 16 жастағы Сезім.

«Мамам айтты баланы емханаға таста или аборт жаса деп айтқан маған.  Болмаса маған келме деп айтты» – дейді 16 жастағы Сезім.

Сезім қиянатты қадамға бармады. Қалай да баланы тууға бел шешті.

Болашақ ана қазір Аналар үйін паналап отыр. Мұнда өзі тәрізді 15-тей келіншек бар. Демеушілердің арқасында балаларын қолына алған соң, 6 айға дейін олардың жатын орны, ішер асы тегін. Мамандардың айтуынша, осындай ауыр жағдайлар толық емес отбасылардан шыққан жасөспірімдер арасында жиі кездеседі екен.

«Бізде 15 жасар қыз болды. Аяғы ауыр болып келді. Оның әке-шешесі жоқ болды да, ал туған-туысы бас тартты. Енді балалар үйіне түспеу үшін, біз сол қызды өз үйімізге қабылдадық. Осы үйде босанды. Ұл тапты. Енді қазір сол баланың әкесімен, туыстарымен бірге тұрып жатыр» – дейді үйлестіруші Гүлнәра Шәкер.

Статистикаға сүйенсек, былтыр үш мыңға жуық қыз кәмелетке толмай жүкті болған. Оның ішінде Оңтүстік өңірі көш бастайды. Одан кейінгі кезектерде Алматы, Жамбыл және Қарағанды облыстары тұр. Ал 15 жасқа дейінгі жүктілік бойынша 20 оқиға тіркелген. Басым бөлігі Шығыс Қазақстан облысына тиесілі. Мұнда 6 жағдай орын алған. Бұл тізімді Жамбыл, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстары жалғастырады.

«Бәрі отбасыдан басталады. Сол отбасындағы тәрбиеге көп көңіл аудару керек сияқты».
«Ортаға байланысты бірінші. Екінші телевидение қарайды, интернет қарайды. Интернетте көрсетпейтін нәрсе жоқ. Соларға қарап еліктейді».

« Үйге балаларға ақыл айту керек. Бетімен жібермеу керек. Сағат 9-10 үйде болу керек бала».

«Ата-аа кінәлі. Солар қыздарға үйретсе, ондайға бармайды. Екінші мұғалімдер. Бұрында эстетика кабинет деген болатын. Соны түсіндіріп ату керек», – дейді көпшілік.

Қазақ халқы он үште отау иесі деген. Бірақ, қазіргі медицина онымен келіспейді.
«Әлі толыққанды олар пісіп-жетілмеген. Толыққанды пісіп-жетілмегеннен кейін 18 жасқа толмағандарда да асқынулар болып жатады. Асқынудың болатын себебі – толықтай гармондардың дамымағандығы. Толықтай дамымағаннан кейін, оларда жүктіліктің үзілу қаупі, ерте босану қаупі дейміз, сондай жағдайлар болып жатады» – дейді «Ана мен бала» ғылыми орталығының бөлім меңгерушісі Жұпар Наханова.

Психологтар болса, орны толмас өкініштер ата-ана мен жасөспірім арасындағы байланыстың жоқтығынан болып жатады, – дейді.

«Көбінесе ата-аналар бұл туралы жыныстық қарым-қатынас туралы, есею туралы, гармондық өзгерістер туралы әңгімелеспейді. Қыздарын ата-аналары әңгімеге тартпайды. Сондықтан, бұл тақырып көп отбасыда, көбіне қазақ отбасыларында жабық тақырып сияқты. Сондықтан, жасөспірім бала оны білмегендіктен, білімсіздіктен , өзінің сезімін басқара алмағандықтан, сондай жауапсыз қадамдарға барады» – дейді психолог Ғибрат Сағындықова.

Қалай десек те, «қызды қырық үйден тыю» деген аталы сөздің қадіріне жете алма йжүрген сияқтымыз. Жұмысбастылықтан бала тәрбиесі қалыс қалып барады. Оның нәижесі қазіргі статистика: еліміздегі балалар үйіндегі нәрестелердің 70 пайызының ата-анасы тірі.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау