Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Нұрсұлтансалған”: Ақтөбелік жас ақын Астанаға бірнеше ерекше атау ұсынды

Ақтөбелік жас ақын Балтабек Нұрғалиев Астана қаласының атауын «Нұрсұлтансалған» деп өзгертуді ұсынды.

kartinki24_city_0023

Ақын Facebook желісіндегі парақшасында мұндай ұсыныс жасауының себептерін толық түсіндіріп өткен.

1. Еліне білімді үндеді. Ол – үлкен сый. «Рухани жаңғыру» мақаласын жариялап, халқына мағыналы жолдауларын арнады. Бізге санамыздың ашық болу керектігін айтып, тәрбие-тәлім берді. Ол – білімнен де үлкен сый. «Болашақ» бағдарламасы арқылы білікті мамандарды даярлады. Бәрімізді Әлеммен тең интеллектуалды дәрежеде сұхбаттаса алатындай жағдайға жеткізді. Зайырлы болуға, зиялы болуға үгіттеді бар қазақты. Қазақстанды дүйім дүние білді. Тұтас Түркі Әлемі таныды. Абай бабамыз сынаған қадірсіз қасиеттерден арылтып, баршамызды мәдени көркем мінезге бастады.
2. Ел ырысын еселеп, Қазақстанды экономикалық куатты мемлекетке айналдырды, діндерді достастырды, ұлттарды ұйыстырды. Елді еңбекке баулыды. Шаруашылықпенен айналысамын дегендерге шалқар шабыт берді.
3. Дүниежүзі қазақтарының бастарын бір шаңырақ астына біріктіріп, бейбіт тірлігімізді бағдарлап, ынтымаққа шақырып, игі жарқын болашаққа жетеледі.
4. Қазақ тілінің мәртебесін көтерді. Қазақты тағылымды тарихынан сыр шертетін әдеби, мәдени мұраларымен табыстырды. Құранымен қауыштырды.
5. Қазақстан Астанасын жаңғыртып, алыс-жақын қалаларымыздың, ауылдарымыздың барлығын сән-салтанатқа бөледі, демографиялық динамикалы өсуімізді қадағалап, ел ауқатының артуына ерен еңбек сіңірді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ғаламдық ауқымдағы ғаламат абыройлы біртуар тұлға екенін, ғасыр ғұламасы екенін дүйім дүние бірауыздан мойындаған!

Сондықтан, Астанамызға НҰРСҰЛТАН, НАЗАРБАЕВ, НҰРСҰЛТАНСАЛҒАН, НҰРСҰЛТАН-ҚОРҒАН немесе НҰРСҰЛТАН-АТА атауларының бірін беру керек!

Фейсбуктегі жеке парақшамдағы және бірнеше танымал сайттардағы негативті пікірлермен түгел танысып шықтым. Жазбамды “жағымпаздық” деп жазғырып, жарықтан қашқан жарқанаттың күйін кешіпті агрессиялы анонимдер. Арасында ізгілікті ілтипаттылар да бар екен. Үндемей жатқандар үшін, және ұсынысымды теріс пікірлерімен түйрегендер үшін тағы бір тың ұсынысым бар. Зиялы болмай, Елбасымыздың ерен есімін, қадір-қасиетін сыйлай алмай, көкірек-көзсіз зиянды болсаңыздар, онда, мен, ең болмаса, Елбасымыздың Атасының атын ардақтауға шақырамын. Астанаға «НАЗАРБАЙ» атауын бергеніміз абзал. Тірімен тірессеңіздер де, аяулы аруақпен алысуға барасыздар ма? Елбасымыз айтқан: «Өсер елдің баласы – арманшыл, өшер елдің баласы – жанжалшыл» деп! Халық – Құдай аты. Халықтың арманынан аттамайықшы!

«Зиялылар қай заманда да өмір сыры мен сынын жан-жүрегімен бағамдап, толғай білген, халқының келешектегі тағдырын зерек көңілімен болжай білген жандар. Ұлтымыздың зиялылары халқымыздың қиядағыны шалатын қырағы жанары, қоғамымыздың әділ қазысы» дейді “Туған елім – тірегім” атты кітабында Елбасымыз. «Астанаға Елбасы есімін беру керек» деп, елдің асыл арманын ашып айта білген, зейіні заңғар зиялымыз Қуаныш Сұлтанұлы Сұлтанов еді. Әділдіктің ақ туын желбіреткен жасампаз жазушының жанайқайы екен бұл… Мен де алғашында Мәжіліс депутаты, салиқалы саясаткер Қуаныш Сұлтанұлы Сұлтанов Ағамыздың бұл ұсынысына аса сақтықпен қарағанмын. Ағамыздың азаматтық ұстаным-ұлағатын ұғыну үшін «Елбасы және Қазақ мемлекеттігі» атты көлемді кітабын тауып оқыдым. Кейін көзім жетті. Тереңіне үңілсем, кемеңгерліктің, көрегендіктің нышаны екен, расы. Ағамыз Астанаға Елбасымыздың есімін беру туралы ұлы ұсынысын жасағанын, теледидардан текті сөзді тыңдағанымды түсіндім. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» деуші еді ғой дана халқымыз… Тағылымды ойдың тереңіне бойламай тұрып, адамға тіл тигізу кешірілмес күнә. Көздері жетпей тұрып, кінәлауға асығыпты Ағамызды желідегі «жазғыштар».

Бұл ой, кейін, менімен Қадір түні қауышты. Қадыр түнін қарсы алуға мешітке намазға барғанмын. Сол кезде намаз оқылып біткен соң, атын ұмытып қалып отырмын, бір қари ақсақал барша қазаққа ақ батасын берді. Кәдімгідей, ешқандай қызыл сөзді қыздырмай, қарапайым тілмен берді батасын. Сол кезде «Елбасымыз аман болсын!» деді… Мен үйге келіп, біраз ойландым. Ақсақал атамыздың айтқанына керемет толқыдым! Намаз біте салысымен айтылған ниетті сөз осы болды. Бұл бір белгідей еді. Сосын пост жаздым. «Қадір түнгі қадірлеуім» деп. Қарияның құдайшылық сөзі есімнен кетпей қойды…

«Басыңдағы бақытты бағалай алу үшін оның қадір-қасиетін толық танып-білуің қажет» дейді Еңселі Елбасымыз!

Кезінде Целиноград деп тілін сындырған қазақтардың ендігі Егемен күнде Астанамызға «НҰРСҰЛТАН», «НҰРСҰЛТАНСАЛҒАН», «НҰРСҰЛТАН-ҚОРҒАН», «НҰРСҰЛТАН-АТА», «НАЗАРБАЙ» атауларының бірін бергеннен тілдері күрмеле қоймас. Ойланатын тұс – осы.
Елдің Астанасы елге еңбегі сіңген Азаматтың атымен аталса, несі ерсі? Бұл әлемдік практикада бар құрмет. Кейінгі ел президенттері де ол қаланың атын өзгертпеген.

Мәңгілік Еліміздің мерейі өссін! Ұлы Даламыздың ұлағатын ұлықтайық! Рух-санамыздың Тәуелсіздігін танытайық!

«Бұл – Құдайдың бұйрығы! Алла-тағаланың: «Патшаларың – менің жердегі елшілерім. Құрметтеп, қастерлеңдер! Қадірін біліңдер!» деп бізге аманат еткенін алдыңғы жазбамда айтқан едім ғой. Тәуелсіз ел емеспіз бе? Есерлігімізді емес, естілігімізді паш ететін сәт туды, халайық!», — деп түйіндейді ол сөзін.

Тағы да оқыңыз:

Головкин: Спорттан кетуім жайлы менің әйелімнен сұраңыздар

Айт күні қандай амалдар істеу сүннет?

Америкалықтар Димаштың «Сәлем» әніне фан-клип түсірді (видео)

Павлодар маңында ер адам көлігімен суға құлап кетіп мерт болды

Талқылау