Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұрсұлтан Назарбаев 76 жасқа толды

Бүгін  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 76 жасқа толды. Президенттің  туған күніне орай шетел үкіметтері мен мемлекеттері басшыларының құттықтаулары келіп түсуде, -деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

президент

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин өз құттықтауында екі ел арасындағы одақтастық пен стратегиялық серіктестікті дамытудағы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегіне баға жетпейтінін айтты. Сондай-ақ ол Елбасының еуразиялық кеңістіктегі тату көршілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесін атап өтті.

«ЕАЭО көбіне-көп Сіздің жеке күш-жігеріңіз арқылы көпжақты ынтымақтастықтың әлемдік аренадағы елеулі беделге ие тиімді құрылымы ретінде бекіді. Сізбен достық қарым-қатынасымыздың және Ресей-Қазақстан байланыстарының бүкіл ауқымын одан әрі нығайту бағытындағы бірлескен сындарлы жұмыстардың жалғасатынына сенемін»,  – делінген хатта.

Путин Қазақстан Президентіне зор денсаулық, бақыт және мемлекеттік қызметте жаңа табыстар тіледі.

Белорусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко

Белорусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына қажырлы қызметі елдегі жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістердің табысты болуының кепілі екенін атап өтті.

«Сіздің бастамаларыңыздың арқасында Қазақстан интеграциялық өзара іс-қимыл мәселелерінде де, әлемдік аренада да қуатты, серпінді дамып келе жатқан мемлекет ретінде беделге ие болып отыр. Беларусь пен Қазақстан арасындағы жоғары деңгейдегі дәстүрлі диалогтың жалғасуы елдеріміздің бақ-берекесін арттыру жолындағы жемісті ынтымақтастықты жан-жақты нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін», – делінген жеделхатта.

Лукашенко Елбасына мықты денсаулық және бақыт тіледі, сондай-ақ  барлық ойлары мен бастамаларының жүзеге асуына тілектестігін білдірді.

Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев

Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтап, елдеріміздің одақтастық қарым-қатынасы мен стратегиялық серіктестігін нығайту ісіндегі Қазақстан Президентінің еңбегі Қырғызстанда жоғары бағаланатынын атап өтті.

«Қырғыз-қазақ өзара тиімді ынтымақтастығын барлық мәселелер бойынша одан әрі дамыту бауырлас елдердің өмірлік мүдделеріне сай деп есептеймін», – делінген жеделхатта.

А.Атамбаев Мемлекет басшысына зор денсаулық пен игілік тілеп, мемлекеттік қызметте зор табыстарға жетуіне тілектестік білдірді.

Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон

Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон Елбасының туған күніне орай игі тілектерін жолдай отырып, Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен әлеуметтік-экономикалық дамуда және  әлемдік аренадағы беделін нығайту ісінде елеулі жетістіктерге жеткенін атап өтті.

«Біз бірлескен күш-жігеріміз арқылы тәжік-қазақ ынтымақтастығының барлық бағытын халқымыздың түпкі мүдделеріне толық сай келетін екіжақты негізде де, көпжақты байланыстар платформасында да одан әрі тиімді жалғастыра беретінімізге сенім білдіремін», – делінген хатта.

Рахмон Мемлекет басшысына зор денсаулық, бақыт және жауапты қызметте жаңа белестер бағындыруды тіледі.

Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведев

Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведев Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтап, елдерімізді байланыстыратын одақтастық пен стратегиялық серіктестік қатынастарды дамытудағы еңбегі зор екенін атап өтті.

«Сіз өнеркәсіптегі, инфрақұрылымдағы және энергетикадағы өзара тиімді, перспективалы жобаларды іске асыруға, өңіраралық және іскерлік байланыстарды кеңейтуге ұдайы назар аударасыз. Ресей мен Қазақстан үкіметтерінің Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграциялық өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған бірлескен белсенді жұмысы кәсіпорындар мен ұлттық экономика салалары үшін елеулі серпін беріп, Одаққа мүше мемлекеттер азаматтарының әл-ауқатының артуына ықпал ететініне сенімдімін», – делінген хатта.

Медведев Мемлекет басшысына денсаулық пен бақ-береке тіледі.

Башқұртстан Республикасының басшысы Рүстем Хамитов

Башқұртстан Республикасының басшысы Рүстем Хамитов құттықтауында екі ел халқының арасындағы көп ғасырлық достық Ресей-Қазақстан ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға, мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал ететініне сенім білдірді.

Р.Хамитов Қазақстан Президентінің барша ауқымды бастамаларының жемісті іске асуына және Қазақстан халқының игілігі үшін жаңа белестерді бағындыруына тілектестігін білдірді.

Ингушетия Республикасының басшысы Юнус-бек Евкуров

Ингушетия Республикасының басшысы Юнус-бек Евкуровтың құттықтауында Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше қасиеті мен жасампаз энергиясы Қазақстанды дамыту мен гүлдендіруге бағытталған нақты істерде айқын көрініс тапқаны атап өтілген.

«Халықтарымыздың арасындағы дәстүрлі бауырластық әрі достық қарым-қатынастарды дамыту және нығайту ісіне қосқан Сіздің үлесіңізді жоғары бағалаймын. Сізге ұзақ ғұмыр, денсаулық, бақ-береке тілеймін», – делінген хатта.

Дағыстан Республикасының басшысы Рамазан Абдулатипов

Дағыстан Республикасының басшысы Рамазан Абдулатипов Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтап, оның Қазақстан Президенті лауазымындағы жемісті қызметі, қазақ халқының игілігі жолындағы қажырлы еңбегі лайықты бедел мен құрметке жеткізгенін атап өтті.

«Сіздің басшылығыңызбен экономика мен әлеуметтік саладағы өзгерістер табысты жүзеге асырылуда. Ресей мен Қазақстанның халықтарын өзара ықпалдастықтың бай тәжірибесіне негізделген берік бауырластық,  достық және тату көршілік тарихи қарым-қатынастар байланыстырады. Уақыт сынынан өткен осы достық пен ынтымақтастық алдағы кезде де нығайып, дами беретініне сенімдімін», – делінген жеделхатта.

Абдулатипов Мемлекет басшысына денсаулық, бақ-береке және елдің игілігі жолындағы көпқырлы қызметіне табыс тіледі.

Талқылау